Accessibility links

Мәскеу түбіндегі Сергиев Посад қаласында қуатты жарылыс болды


Мәскеу түбіндегі Сергиев Посад қаласында 9 тамызда таңертең жарылыс болды. Жарылыстан түзілген саңырауқұлақ пішіндес бұлт әуеге көтерілгені туралы видеоны Baza Телеграм-арнасы жариялады.

Арнаның мәліметінше, жарылыс Загорск оптика-механика зауытында болған. Жақын орналасқан үйлердің әйнектері сынған.

ТАСС агенттігі дереккөзге сүйене отырып, жарылыс "қазандық аумағында" болғанын жазды. Ақпаратқа қарағанда, пиротехника қоймасы жарылған. Мәскеу облысының прокуратурасы ақпаратты растады. РИА "Новости" агенттігінің жазуынша, жарылысқа "технологиялық процесс сақталмауы" себеп болған.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, жарылыс салдарынан 25 адам зардап шеккен, екеуі ауруханаға жатқызылды. "База", Mash және "112" телеграм-арналарының мәліметінше, зардап шеккендер саны 20-дан көп. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін дейді. Ақпарат құралдары эвакуация басталғанын хабарлады, әзірге оның ауқымы белгісіз.

Загорск оптика-механика зауытының аумағында "Пиро-Росс" компаниясының қоймасы орналасқан. Компания сайтындағы ақпаратқа қарағанда, мекемені 1994 жылы төрт қорғаныс кәсіпорны ашқан. Сәуір айында ұйым банкротқа ұшыраған.

"Базаның" жазуынша, "Пиро-Росс" компаниясының директоры қоймада жарылыс болғанын жоққа шығарған. Оның айтуынша, жарылыс құбыр сақтайтын көрші қоймада болған. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв "зауыт аумағындағы металл сарайда орналасқан қойма" жарылды, оны жеке компания жалға алған деп айтты. Ол компания атын атамаған.

Загорск оптика-механика зауыты өзге заттардан бөлек, әскери техника бөлшектерін де шығарады. Былтыр маусымда зауыт аумағында ірі өрт болған.

XS
SM
MD
LG