9 тамыз таңертең Орал қаласында белсенді Бекболат Өтебаев "Аштық. Әлеуметтік әділдік талап етем" деген плакатпен бір адамдық пикетке шықты.
— Жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандардың жәрдемақысына қосылған ақшаға көңілім толмайды. Небәрі 8 мың теңге қосты, бұл халықты мазақтау ғой, — дейді Өтебаев.
Оның сөзінше, жәрдемақы көбейгеннің өзінде өмір сүруге жетпейді.
— 10 мың теңгеге анализ тапсыруға мәжбүр болдым. Екінші топтың мүгедегімін, сол үшін 500 теңге жеңілдік жасады. Яғни, 9500 теңге төледім. Мен алатын жәрдемақы дәрігерден тексерістен өтуге де жетпейді, — дейді ол.
Өтебаев жұмыста жүріп, мүгедек болып қалған, сол үшін 68 мың теңге жәрдемақы алады. Ол аштық жариялау арқылы мүгедектер мәселесіне билік назарын аударғысы келеді.
— Жәрдемақыны көбейтіп, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға мүмкіндік берсін. Зейнет жасын қысқартып, кредиттерді кешірсін, — дейді Орал тұрғыны.
Өтебаевқа екі адам келіп, бірі камераға түсіріп тұрды, екіншісі әкімдік өкілі екенін жеткізді. Әкімдік өкілімін деген адам белсендіге "бейбіт митинг туралы заңды бұзып тұрғанын" ескертті.
— Бір ай бұрын аштық жариялайтыным туралы әкімдікке ескерттім. Әкімдік бұл мәселе заңда қарастырылмаған деп жауап берді. Маған аштық жарияламауға кеңес берді, бірақ тыйым салмады, — деді Өтебаев әкімдік жауабын көрсетіп.
Сәлден соң белсендіге әкімдік қызметкері келіп, ғимарат ішінде сөйлесуге шақырды. Өтебаев "екі рет әкім қабылдауында болғанымен, мәселесі шешілмегенін" айтты.
Орал тұрғыны "мәселем шешілмейінше әкімдік алдындағы алаңда аштықты жалғастырып отыра беремін, керек болса түнеймін" деді. Ол алаңға өзімен бірге жастық, көрпе және су ала келген.
59 жастағы Бекболат Өтебаев – Оралда бірнеше рет жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенді. Ол пикеттерінде биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етеді. Өтебаев пикеттерінің бірінде "Аманат" партиясының лидерлерін сотқа тартуды ұсынған.
ПІКІРЛЕР