Accessibility links

"Гражданское содействие": Ульяновск облысындағы түрмеде тұтқындардың сақалын күштеп алғызады, намысына тиеді


Ресейдің Ульяновск облысы Димитровград қаласындағы түрме қызметкерлері қамаудағы мұсылмандардың сақал-мұртын күштеп қырып, діни және этникалық тұрғыда кемсітіп, құдайға құлшылық етуге кедергі келтіріп жатыр. Осылай деп "Гражданское содействие" комитеті түрмеде отырған бес адамның сөзіне сүйеніп, мәлімдеді.

"Шілде айында сотталған мұсылмандарды моншаға алып барды. Ол жерде сақал-мұртымызды, шашымызды алатынын айтты. Мен құқығым бұзылып жатқанын айтып, бас тарттым. Бірақ абақты қызметкері "бұл жерде заң менмін" деп жауап берді", - деген тұтқынның бірі.

Оның сөзінше, бұдан соң түрме қызметкерлері қырынудан бас тартқаны үшін оны ұрып-соққан. Ол наразылық ретінде өзінің денесін жарақаттаған. Тұтқын осылайша түрме қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне назар аудартқысы келгенін айтады. Нәтижесінде ол ауруханаға түсіп, операция жасалған. Қазір ол өзге мекемеге ауыстырылған.

Абақтыдағы өзбекстандық азамат та өзінің азапталғанын, діни сенімі үшін кемсітілгенін айтқан.

"Колонияда азан айтылған кезде, олар әдейілеп музыканы күшейтіп қояды. Намаз оқитын кезде, жайнамазды тартып алады. Түрме қызметкерлері бізді негізсіз кемсітіп, террорист, экстремист деп атап, мазақтайды",- деген ол.

Оның сөзінше, мекеме қызметкерлері тамаққа шошқаның етін қосып, тамақтан әдейі бас тартуға мәжбүрлейді.

"Гражданское содействие" комитетімен жұмыс істейтін адвокат түрмедегі тұтқындар арасында сауалнама жүргізіп, прокуратураға арыз жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG