Қазақстан бас прокуратурасы Ресейден елде "сепаратизм" және "алауыздық қоздырды" деп айыпталған Орал тұрғынын қайтаруды сұраған. Бұл жөнінде Қазақстанның құқық қорғау органдары жіберген ресми жауаптарға сүйенген "Мой город" сайты жазды.
Қазақстан ішкі істер министрі басылымға жіберген ресми жауабында Яковченконың қайда екені анықталғанын, биыл наурызда Қазақстан бас прокуратурасы ресейлік әріптестеріне оны беру туралы өтініш жібергенін жазған. "Яковченко Қазақстан-Ресей шекарасынан қалай өткен?" деген сұраққа министрлік өкілдері "ешқайда кетпеу туралы қолхат 2022 жылдың 8 қыркүйегінде алынған, ал сол күні Яковченко елден кеткен" деп жауап берген.
"Мемлекет шекарасын кесу бойынша шектеу қоймағаны үшін кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс" деді ведомство өкілдері. Әзірге қандай да бір тұлғаның жауапқа тартылғаны-тартылмағаны белгісіз.
Қазақстан бас прокуратурасының халықаралық құқықтық әріптестік қызметінің жетекшісі Нұрдәулет Сүйіндіков басылымға Яковченконы беру мәселесін Ресей жағы қарастырып жатыр деген. Әзірге Ресей жағы бұған түсініктеме берген жоқ.
Максим Яковченко 2022 жылдың басында әлеуметтік желідегі парақшасында пост жариялап, "Орал, Петропавл, Павлодар және өзге [аймақтарды] Ресейге беру керек" деп жазған. Яковченко жазбасынан кейін оның үстінен "сепаратизм" және "әлеуметтік алауыздық қоздыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс сотқа беріліп, қазанда сот басталған. Алайда сол кезде прокуратураның мәліметінше, Максим Яковченконың Оралдағы үйін сатып, Ресейге кетіп қалғаны белгілі болған. Бұдан соң елде Яковченкоға іздеу жарияланды.
Биыл ақпанда Яковченконың Ресейден босқын мәртебесін алғаны хабарланған. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті сол кезде сол себепті оны Қазақстанға экстрадиациялау мүмкін емес деп хабарлаған.
Яковченко – Қазақстанда Ресейдің басқыншылығын қолдады деп айыпталған алғашқы адам емес. Былтыр тамыз айында Қарағанды облыстық соты Ресей басқыншылығының символына айналған Z таңбасын ескерткішке салды деп айыпталған Сарань қаласының тұрғынын жеті күнге қамаған.
ПІКІРЛЕР