Accessibility links

Шымкентте дүкеннен гүлді күш көрсетіп әкеткен адам 7 күнге қамалды


Шымкенттегі гүл дүкенінде сатушыны қайшымен қорқытып, гүл әкеткен адам (сол жақта ақ футболка киген адам) 7 күнге қамалды. 8 тамыз 2023 жыл.
Шымкенттегі гүл дүкенінде сатушыны қайшымен қорқытып, гүл әкеткен адам (сол жақта ақ футболка киген адам) 7 күнге қамалды. 8 тамыз 2023 жыл.

9 тамызда Шымкент қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаладағы гүл дүкендерінің бір бума гүлді қорқытып алып кеткен 33 жастағы Жасұлан Қауменовті 7 күнге қамады. Сот оны "Ұсақ бұзақылық" бабымен кінәлі деп тапты.

Сот қаулысында Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны Қауменов 8 тамызда түнгі сағат үште гүл дүкеніне кіріп, сатушы Сайдахматовтың ар-намысына тиіп, балағаттағаны жазылған. Қауменов кінәсін мойындап, өкінген. Ал жәбірленуші Сайдахматов оны қамауды сұраған. Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Бүгін, 10 тамыз түсте желіде тараған видеода Шымкенттегі гүл дүкенінде ақ футболка киген адам сатушыны қайшымен қорқытып, гүлді алып кеткені байқалады. Полицияның дерегінше, бұл оқиға 8 тамызда болған.

Сондай-ақ бүгін, 10 тамызда Ztb.kz сайты Шымкенттегі гүл дүкенінен "прокурордың ұлы" гүлді ақысын төлемей алып, оған қарсылық көрсеткен сатушыны ұрып кеткені жайлы видео жариялаған еді. Гүлді алып кеткен адам "әкесі прокурор екенін" айтып, қоқан-лоқы көрсеткені хабарланған.

Сатушы ақшасын төлемей гүл әкетіп бара жатқан ер адамға қарсылық көрсетіп жатыр. Шымкент. 2023 жылдың мамырындағы оқиға.
Сатушы ақшасын төлемей гүл әкетіп бара жатқан ер адамға қарсылық көрсетіп жатыр. Шымкент. 2023 жылдың мамырындағы оқиға.

Видео тараған күні Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеме жасап, "гүл дүкенінің жұмысшысын ұрған адам прокуратурдың ұлы" деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал полиция бұл оқиға биыл мамырда болғанын, сатушыдан бұл жағдай бойынша шағым түспегенін хабарлады.

11 тамызға қараған түні ішкі істер министрлігі мамыр айында гүл дүкенінен бір бума гүлді алып кеткен сол кездегі учаскелік полиция қызметкері екенін растады. Министрліктің айтуынша, полиция қызметкері "19 мамырда отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан босатылған". Әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты қандай шара қолданылғаны талқыға түскеннен кейін министрлік экс-полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ол Қылмыстық кодекстің “Жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданып тонау” бабымен күдікке ілінді.

Полицияның дерегінше, екі оқиға да Шымкенттегі "Романтик" гүл дүкенінде болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG