Accessibility links

Өзбекстанда Marion Biotech компаниясының шәрбатынан 65 бала көз жұмған


Өзбекстанда Үндістанда шығарылған Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатынан 65 бала қайтыс болған. "Док-1 Макс" шәрбатынан қаза болған балалардың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істегі айыптау актісіне сүйенген Жоғарғы сот осылай деп мәлімдеді.

Қаңтар айында өзбек билігі аталған шәрбаттан 20 баланың қайтыс болғанын мәлімдеген.

Gazeta.uz сайты былтыр желтоқсанда Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қылмыстық іске байланысты дәріні импорттаушы Quramax Medical және дәрі-дәрмекті стандарттау ғылыми орталығының лауазымды тұлғаларын ұстағанын хабарлаған. Сол кезде Өзбекстанда Marion Biotech компаниясының барлық өнімдерін (арасында Цинепар кид, Травамакс және Амбронол да бар) сату тоқтаған еді.

Ведомствоның мәліметінше, дәрі-дәрмектерді жоғарыда аталған ғылыми орталық зертханалық сынақтан өткізген. Оларға сертификат та рәсімделген. Алайда ақпаратқа қарағанда, зерттеу процесі кезінде нормативтік-құқықтық талаптар бұзылған, соның салдарынан сапасыз препараттар нарыққа шығып кеткен.

Осының алдында Reuters агенттігі Marion Biotech компаниясы шәрбатқа қолданған пропиленгликолды Maya Chemtech India компаниясынан сатып алғанын жазған. Фармацевтикалық материалдарды сатуға лицензиясы жоқ бұл компания өкілдері пропиленгликолды өндірістік мақсатта ғана қолдануға болатынын мойындаған.

"Біз Marion Biotech бұл затты жөтел сиробын дайындауда қолданғысы келгенін білмедік", - дейді Maya Chemtech India компаниясының атын атағысы келмеген өкілі.

Агенттіктің екі дереккөзі сироптың құрамында сұйық кір жуатын құралдар, антифризді және басқа да улы заттарды өндіруде қолданылған пропиленгликол бар екенін жеткізген.

Өзбекстанда "Док-1 Макс" шәрбатын сату 2022 жылы 22 желтоқсанда тоқтатылған, алайда аталған дәріні алмау жөнінде ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі бір аптадан кейін ғана тарата бастаған. Сол кезде денсаулық сақтау министрлігін басқарған Бехзод Мусаев "Док-1 Макс" шәрбатын қабылдаған балалардың өлімі туралы ақпарат министрліктен жасырылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG