Accessibility links

Бюро: Жарты жыл ішінде Қазақстанға келгендер 87 пайызға артқан


2023 жылы алғашқы алты айда Қазақстанға 13 652 адам тұрақты тұруға келген, 6 996 адам елден кеткен. Бұл жөнінде ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенген Informburo сайты жазды. Осылайша көші-қонның оң сальдосы қалыптасқан.

2022 жылдың қаңтар мен маусым аралығымен салыстырғанда биыл Қазақстанға тұрақты тұруға келгендер 87,3% көбейсе, елден кеткендер 56,7% қысқарған.

Осы аптада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова соңғы 10 жылда алғаш рет көші-қонның оң сальдосы қалыптасқанын мәлімдеп, оны геосаяси жағдаймен де байланыстырған.

Оның айтуынша, Қазақстанға тұрақты тұруға негізінен ТМД, Қытай, Моңғолиядан келеді. Келгендер қатарында техника, экономика, педагогика, медицина саласы мамандарының үлес салмағы артқан.

Қазақстанның өз ішінде көші-қонның оң сальдосы үш өңірде Астана (16 044), Алматы (15 611 адам) және Шымкент (1049 адам) қалыптасқан.

2023 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 899 377 адамға жеткен: 12,3 млн – қалада, 7,5 ауылда тұрады.

Былтыр Ресейде мобилизациядан кейін кей ақпаратқа қарағанда, 400-800 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Олардың бір бөлігі Қазақстанға келді. Кейін Қазақстанның ресми орындары олардың едәуір бөлігі үшінші елге кеткенін хабарлаған. Қазақстанға қоныс аударған ресейліктердің санына қатысты жаңа мәлімет айтылған жоқ.

Ұлттық бюро статистикасы Қазақстанға тұрақты тұруға келіп, тиісті өтініш бергендерді ғана статистикаға қосатыны айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG