Accessibility links

Абай облысында орман шаруашылығының штаттан тыс қызметкерлері үстеме ақы талап етті


Абай облысындағы ірі өрт кезінде жағдайды бағалап тұрған қызметкер. Шілде 2023 жыл.
Абай облысындағы ірі өрт кезінде жағдайды бағалап тұрған қызметкер. Шілде 2023 жыл.

Абай облысында орман шаруашылығының штаттан тыс қызметкерлері үстеме ақы талап етіп жиналды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Бұған дейін олар орман шаруашылығы қызметкерлерімен қатар өздерінің де жалақысын өсіруді талап еткен. Ақпаратқа қарағанда, шілде айында түсуге тиіс болған үстеме ақыларын әлі алмаған.

"Мен Краснокордон орман шаруашылығы станциясының жүргізушісімін – неге біз штатта емеспіз, неге біз жалдамалы жұмысшы ретінде саналамыз? Өртке барамыз, барлық міндетті атқарамыз. Ал бірақ неге екені белгісіз төлемге келгенде бізді бөліп тастайды: әлі күнге дейін үстеме ақы алмадық" деді жүргізуші Александр Андреев агенттікке.

Наразылардың арасында жүргізушілер, залалсыздандырушылар, радиобайланыс операторлары және өзге де жұмысшылар бар. Олар өздерінің де өмірін қауіпке тігіп жұмыс істеп жүргендерін алға тартқан.

"Біз де шығамыз, өмірімізді қауіпке тігеміз. Жуырда ірі өрт болды, қаншама әріптестеріміз қаза болды. Неге бізге үстеме ақы бермей отыр? Қазір өртке қауіпті маусым аяқталады, сосын сағат 9 бен 18 арасындағы жұмыс кестесіне көшеміз. Жалақы да азаяды. Былтыр біз қыста қалып, көліктерді жөндегенбіз. Айына 70 мың теңге жалақы алдық. Ал қазір айына 90-92 мың шығады" деді Андреев.

Олар қымбатшылық жағдайында мұндай жалақыға өмір сүру қиын екенін айтқан. Тағы бір өрт сөндіруші тым болмағанда уәде етілген үстеме ақының 70 пайызын беруді талап еткен.

Оларға жұмыс берушілердің жауап бергені-бермегені жөнінде ақпарат әзірге жоқ. Азаттық жұмыс беруші мекемеден жауап алуға тырысып жатыр.

10 тамызда мемлекеттік органдардың штаттан тыс қызметкерлерге үстеме ақы беруді құптамағаны хабарланған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл шілде айында үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес, үстеме ақы тек "мемлекеттік орман күзеті қызметінің штаттық қызметкерлеріне, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларына және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың, балық шаруашылығы су айдындарын балықтандыру жөніндегі өсімін молайту кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарының инспекторларына" қарастырылған.

"Осы мәселені шешу мақсатында министрлік орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмыс берушілерімен кәсіптік одақтарының өкілдерімен бірлесіп, бюджет қаражатын үнемдеу және тауарларды өткізу есебінен штатқа кіретін әкімшілік қызметкерлер мен табиғатты қорғау ұйымдарының штаттан тыс жұмысшылары үшін жалақыны ұлғайту мүмкіндігін көздейтін салалық келісім жасасты ( 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 70% - ға, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 85%-ға және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 100% - ға)" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, қазір табиғатты қорғау мекемесінде істейтін штаттағы және штаттан тыс қызметкерлерін үстеме ақымен қамтамасыз ету мәселесін қаржы министрлігі қарап жатыр.

Биыл 15 адамның өмірін қиған Абай облысындағы ірі өрттен кейін орман шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мәселесі көтерілген. Өрт сөндіру техникасының жетіспейтіндігі де айтылған. Сол кезде орманшылардың туыстары жақындарын өрт сөндіруге тиісті техникасыз жібергенін де айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG