Accessibility links

Ресей әскерінің Украинаға кезекті соққысы: Ракета бөлшектері Киевтегі балалар ауруханасының аумағына түсті


Ресей әскері әуеден жиі соққы жасайтын Киевте тұрғындар аспанға қарап тұр.
Ресей әскері әуеден жиі соққы жасайтын Киевте тұрғындар аспанға қарап тұр.

Ресей әскері 11 тамызда таңертең Украинаға ракетамен соққы жасады. Украина әскерінің хабарлауынша, Киев облысына "Кинжал" ракетасымен шабуыл жасалған.

Киев мэрі Виталий Кличко қалада екі жарылыс болғанын хабарлады. Ракета бөлшектері қаланың Оболон ауданындағы балалар ауруханасының аумағына түскен. Ешкім зардап шекпеген, қираған нысындар туралы да ақпарат жоқ.

Жұма күні Украинаның Житомир, Винницк, Хмельницкий, Черновецк және Ивано-Франков облыстарында дабыл қағылған.

Харьков облысының әскери әкімшілік жетекші Олег Синегубовтың айтуынша, өткен тәулікте Ресей әскері Купян ауданын атқылаған. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғын қаза болған. Бірнеше адам жараланған. Облыстағы жеке және көпқабатты үйлер бүлінген.

Ресей әскері Херсон облысында да Камышаны ауылындағы тұрғын үйлерге соққы жасаған. Бұл жөнінде Херсон облысының әскери әкімшілігі Телеграм-арнасында хабарлады. Үш адам жараланған, үшеуі де ауруханаға жатқызылған.

Жұма күні таңертеңгі сағат 8 кезінде Ресей әскері Бериславтағы гуманитарлық көмек көрсету орталығына дронмен жарылғыш зат лақтырған. Ешкім зардап шекпеген.

Запорожьеде 10 тамыз күнгі атқылаудан жараланғандар саны 19 адамға жеткен. Зардап шеккендер арасында 4 бала бар.

Украина қорғаныс министрлігінің айтуынша, Ресей әскері шабуылдаған қонақүйде күндіз істейтін балалар лагері орналасқан. Ол атқылауға дейін жабылып қалған.

Бұған дейін қонақүйді жергілікті тұрғындарға көмектесіп жүрген БҰҰ мен өзге де гуманитарлық ұйым қызметкерлері пайдаланғаны айтылған. Ресей тағайындаған жергілікті биліктің айтуынша, қонақүйде украин әскері де болған.

Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме бермеді.

XS
SM
MD
LG