Accessibility links

Алматының Жетісу ауданында қоймалар өртенді


Алматының Жетісу ауданында өртеніп жатқан қоймалар. 12 тамыз 2023 жыл. Төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.
Алматының Жетісу ауданында өртеніп жатқан қоймалар. 12 тамыз 2023 жыл. Төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.

12 тамызда таңертең Алматының Жетісу ауданында қоймалар өртенді. Бұл жөнінде қаланың төтенше жағдай департаменті хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Москвина, 7B мекенжайында орналасқан қоймалар өртенген. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда қаланың солтүстік жағынан қап-қара түтіннің будақтап шығып жатқаны байқалды. Кейін жарияланған жақыннан түсірілген видеолардан бірнеше металл қойманың қатты жанып жатқаны көрінді.

ТЖ департаменті жедел штаб, өрт сөндіретін бірнеше аумақ құрылғанын хабарлады. Өртті сөндіруге 125 адам және 33 техника, бұған қоса су тасу үшін Алматы қаласының коммуналдық қызметтері мен құтқару қызметінің 7 су тасығышы жұмылдырылған. Мамандар металл сарайдың қабырғалары қатты қызғанын, "құлау қаупі" туындағанын айтқан. "Көрші қоймаларды сөндіруге және қорғауға оқпандар енгізілді" деді олар.

Өрт шамамен 2,5 сағаттан кейін шамамен 9:45-те оқшауланған, ал 12:22-де сөндірілді. Департамент мамандары өрт 2 250 шаршы метрге таралғанын айтты.

Департамент "қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ, өрт сөндірушілер өрттің көрші құрылыстарға таралуына жол бермеді" деп хабарлады.

Өрттің неден шыққаны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG