12 тамызға қараған түні аннексияланған Қырымға 20 дрон шабуылдады. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады. Ведомство 14-ін әуе қорғаныс жүйесі жойғанын, алтауы радиоэлектронды құралдар арқылы істен шығарылғанын мәлімдеді.
Куәгерлер Керчь бұғазындағы көпірде көлік қозғалысы тоқтағанын хабарлады. Жергілікті тұрғындар жарылыс дыбысын естіген.
Ресми мәліметке қарағанда, оқиғадан ешкім зардап шекпеген, қираған немесе бүлінген нысандар туралы ақпарат жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға Украинаны кінәлады. Киев әдетте Ресейдің мұндай мәлімдемелеріне түсініктеме бермейді.
Бір мезетте Украина мен Ресей жағы Купян бағытында шайқастар жүріп жатқанын хабарлады. Украина қарулы күштері Ресей әскерінің бұл бағытта шабуылы сәтсіз болғанын айтты. Ресей әскері 15 елді мекенді атқылаған.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі бұған дейін орыс әскері Купян бағытында алға жылжып, Донецк бағытында Украина қарулы күштерінің 17 шабуылына тойтарыс бергенін хабарлаған.
Украина жағының айтуынша, Запорожье облысына да ресейлік дрондармен шабуыл жасалған. Бес дронның үшеуін әуе қорғаныс жүйесі атып түсірген.
ПІКІРЛЕР