Accessibility links

ЕО Украинаға 200 мың оқ-дәрі және мыңдаған ракета жеткізді


Еуроодақ елдері Украинаға артиллерияға арналған 200 мыңнан астам оқ-дәрі және түрлі категориядағы 2 мыңнан астам ракета жеткізді. Бұл жөнінде France Presse агенттігіне ЕО-ның ресми өкілі Петер Стано хабарлады.
Биыл жыл басында Еуроодақ Украинаға құны 2 млрд еуро болатын оқ-дәрі беру жоспарын бекіткен. Пакет аясында берілетін оқ-дәрі мен қару Еуропа елдерінің әскери қорынан алынады, кейбірін өндіруге тапсырыс беріледі. Жоспардың мақсаты – бір жыл ішінде Украинаны миллион снарядпен қамтамасыз ету.
Жоспардың алғашқы кезеңіне сәйкес, ақпан мен мамыр айларында ЕО елдерінің әскери қорынан алынған снарядтардың шамамен жарты құнын өтеуге 1 млрд еуро бөлінген. Дегенмен бастапқыда жоспарланған көлемде оқ-дәрімен қамтамасыз ету мүмкін болмады, деп жазды France Press.

Еуроодақ елдері қару-жарақ өндіруші компаниялармен Украинаға арнап 155 миллиметрлі снарядтар мен ракета шығару жөнінде ортақ келісімшарт жасау туралы келіссөз жүргізіп жатыр.

ЕО мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргелі бері одаққа мүше елдер Киевке құны 20 млрд еуродан астам әскери-техникалық көмек берген. Шілденің соңындағы мәлімет бойынша, АҚШ Украинаға шамамен 44 млрд доллар көмек бөлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG