Ресейдің Калининград облысында Су-30 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Экипаж мүшелері қаза болған. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, ұшақ апатына техникалық ақау себеп болған.
Ақпаратқа қарағанда, жойғыш ұшақ оқу-жаттығуға шыққан. Экипаж тапсырмаларды соғысқа арналған құралдарсыз орындаған. Ұшақ елді мекеннен тыс жерге құлаған.
Ұшақ құламай тұрып куәгерлер әуеде жарылыс болғанын естіген деп жазды "112" Телеграм-арнасы.
Су-30 – Ресей Украинаға басқыншылығы кезінде жиі пайдаланып жүрген екіорындық ұшақ. Oryx мониторинг жобасының есебінше, Ресей 2022 жылдың ақпанынан бері соғыс алаңында осындай 11 ұшағынан айырылған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2023 жылдың басында Ресей әскерінде осындай 118 ұшақ болған.
Ұшақ өзге міндеттерден бөлек, әуедегі нысандарды жоя алады, әуе кеңістігін бақылап, қарсылас жақтың аэродромын бұғаттай алады, әуе барлау жұмыстарын жүргізеді.
ПІКІРЛЕР