Accessibility links

МАЭК-ті жөндеу кезінде Маңғыстау елді мекендеріндегі жарық ішінара ажырайды


Ақтаудағы МАЭК
Ақтаудағы МАЭК

Маңғыстау атом энергетикасы комбинаты (МАЭК) электрстанциясындағы №3 энергоблоктың апатқа ұшырап, жөнделуіне және № 1 блоктың тоқтатылғанына байланысты осы облыстың елді мекендеріне берілетін жарық 3-5 сағатқа дейін ішінара ажыратылады. Мұны Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдік ақпаратына қарағанда, тамыздың 13-інен 14-іне қараған түні жедел штаб жұмысы барысында бірінші санаттағы нысандарды (өмірлік маңызы бар нысандар) электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.

Елді мекендерді электр энергиясымен теңдей қамтамасыз ету үшін "3 сағаттан 5 сағатқа дейін ішінара ажырату" тәсілі таңдалған.

"КЕГОК" АҚ ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісімі бойынша жөндеу кезінде Маңғыстау облысының мына елді мекендерінде электр энергиясын тұтынуға ішінара шектеу енгізілген:

- Жаңаөзен қаласы (ішінара) және жақын маңдағы ауылдар;
- Маңғыстау ауданының ауылдары;
- Форт-Шевченко қаласы және Түпқараған ауданының ауылдары;
- Мұнайлы ауданының кейбір ауылдары;
- Қарақия ауданы кейбір ауылдары;

Ресми ақпаратқа қарағанда, МАЭК 545 МВт электр энергиясын өндіреді. Екі энергоблоктың тоқтауына байланысты қазір 245 МВт қана электр энергиясын шығарып тұр.

Биыл 3 шілдеде МАЭК-те және Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апаттан кейін электр энергиясы жаппай ажыратылып, Маңғыстау облысы мен Атырау қаласына берілетін ауыз су тоқтап қалған. Мұнай кәсіпорындарының жұмысы да тоқтаған. Кейін МАЭК жабдықтарының 80 пайызға тозғаны анықталған.

Қазақстан үкіметі МАЭК-ті жөндеу үшін резервтен 4,9 миллиард теңге бөлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG