Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні Қазақстанның Австриядағы елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі етіп тағайындады. Мұны Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент жарлығымен Әлібек Бақаев Қазақстанның Австриядағы елшісі, Венада орналасқан халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі және Қазақстанның Словениядағы елшісі қызметінен босатылған.
Мұхтар Тілеуберді 2019 жылы қыркүйекте сыртқы істер министрі болып тағайындалған. 1993 жылдан бері сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп келе жатқан ол Қазақстанның бірқатар елдердегі елшісі қызметін атқарған. 2016 жылдан сыртқы істер министрінің орынбасары болған.
Мұнан өзге Тоқаев Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаевты Қазақстанның Андоррадағы елшісі және БҰҰ дүниежүзілік туристік ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметіне тағайындаған.
ПІКІРЛЕР