Махачкала маңындағы автосервис орталығы мен жанармай бекетінде болған өрт пен жарылыстан өлгендер 35-тен асып, 80-нен астам адам жараланған. Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, өлгендер арасында үш бала бар. Махачкала ауруханасына 63 адам түскен, оның 16-сы балалар. Екі бала мен ересек тоғыз адамның жағдайы ауыр.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов 15 тамызды Аза күні деп жариялады. Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, 14 тамызда кешкі сағат 22 шамасында автосервис ғимаратынан өрт шығып, жанындағы жанармай бекетіне жеткен. ТАСС хабарына қарағанда, жанармай бекетіндегі сегіз бөшкенің екеуі жарылған. 600 шаршы метр жер өртенген.
Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеген Shot телеграм арнасының жазуынша, жанып жатқан автосервисті көруге келіп, 50 метр радиуста тұрған адамдар жанармай бекетінен шыққан от думпуінің астында қалған.
Телеграм-арналар жариялаған видеолардан жанармай бекетінің жанында жанып жатқан автокөліктер көрінеді.
Автосервис пен жанармай бекеті “Глобус” сауда орталығына таяу орналасқан. Өрт төрт сағаттан соң сөндірілген.
ПІКІРЛЕР