15 тамызда Алматы қалалық соты "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшелері Бибігүл Иманғалиева мен Әсет Әбішевті әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде #NotExtremists телеграм-арнасы хабарлады. Белсенділердің адвокаты Ермек Тілеукеев бұл ақпаратты растады.
Иманғалиева мен Әбішев 4 тамызда ұсталып, 20 және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Белсенділер сот кезінде өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Оларды 5 мамырда Алматыдағы әділет басқармасының алдында "рұқсатсыз митингіге қатысты" деп айыптаған. Белсенділеоді жақтаушылардың сөздеріне қарағанда, Иманғалиева мен Әбішев сол күні басқармаға оппозициялық партия құру жөніндегі бастамашыл топтың өкілі ретінде қол қойғанын растауға барған. Белсенділер кейін, екі белсендінің қамалғанын сол кезге жоспарланған "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі топтың баспасөз жиынымен байланыстырған. Кездесу 9 тамызда Иманғалиева мен Әбішевсіз өткен.
#NotExtremists телеграм-арнасының хабарлауынша, ұйым белсенділеріне 21-23 тамыз аралығында Еуропа депутаттарының Қазақстанға сапары қарсаңында қысым күшейген. Қазақстан өңірлерінде полиция белсенділерді Марат Жыланбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жауап алуға шақырған. #NotExtremists телеграм-арнасының мәліметінше, Қостанай облысында азаматтық белсенді Дәрібек Бершінбаевтың үйіне полиция қызметкері келіп, оны учаскеге алып кеткен. Ақпаратқа қарағанда, полиция бөлімінде тергеуші жауап алу кезінде "Марат Жыланбаевтың шотына аударылған бес мың теңге туралы" сұраған.
Белсенділердің айтуынша, белсенді Назым Табылдиеваның үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау туралы" қылмыстық іс қозғалған. Белсенділер істің "саяси астары бар" дейді. #NotExtremists телеграм-арнасының жазуынша, күш құрылымдары белсенді болмағанда үйіне тінту жүргізген.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың хабарлауынша, 21-23 тамыз аралығында Еуропа депутаттарының делегациясы Қазақстанға келеді.
"Келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік мәселелері талқыланады. Тараптар визалық режимді жеңілдету, Қазақстанды санкциялардың теріс әсерінен қорғау, көлік қатынастарын дамыту, шикізат саласындағы ынтымақтастық жайы қарастырылады" деді СІМ. Құқық қорғаушылар экономика және сауда саласындағы ынтымақтастықты қарастыратын келісімдерді орындау шарттарының бірі Қазақстандағы адам құқығы мен сөз бостандығын сақтау болуға тиіс деп әлденеше рет мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР