Жетісу облысы Қаратал ауданы әкімдігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай портреті бейнеленген 50 кілемше жасатуды жоспарлаған.
Мемлекеттік сатып алу порталында тендер өткізіліп, 15 тамызда 485 мың теңгеге келісім-шарт түзілген. Бұл туралы Protenge телеграм арнасы да жазды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, ауданда Кемел Тоқаевпен қатар актриса Бикен Римованың да 100 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Тапсырысты жеке кәсіпкер Гауһар Акпирганова ұтып алған. Ол осы екі адамның суреті бар 100 кілемше (50/50) әзірлеуге тиіс болған. Бірақ тендер ойнатылғанына бір күн өткенде – бүгін, 16 тамызда шарт тараптар келісімі бойынша бұзылған.
Бұдан бөлек Қаратал әкімдігі 1,4 миллион теңгеге Кемел Тоқаев бейнеленген 200 медаль шығаруды да жоспарлаған. Бұл тендер туралы бірнеше сайт жаңалық тарата бастаған тұста жергілікті билік ойынан бас тартты. Кейбір интернет-басылымдардағы жаңалықтар ашылмай қалды.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысы Асқар Алпысбаевтың Азаттыққа айтуынша, «медаль шығаруға ақсақалдар алқасы бастама көтерген». Бірақ ұсынысты әкімдік қолдағанымен, мәслихат келіспей, «қаражат жеткіліксіз» деп бас тартқан.
Алпысбаев президенттің әкесіне арнап медаль мен кілемдер шығартудың артында «жағымпаздану мақсаты тұрған жоқ» дейді.
Бұған дейін Жетісу облысы Қаратал ауданында Кемел Тоқаевқа арнап ас беріліп, ұлттық спорт сайыстары мен гала-концерт өткізілетіні хабарланған. Аудан әкімдігі өкілі Алпысбаевтың сөзінше, бұл іс-шараны «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» ұйымдастырады.
Egov порталындағы ақпаратқа қарағанда, «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қор» 2008 жылы тіркелген. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Тимур Кемел, қарындасы Қарлыға Ізбастина және жиені Мұхамед Ізбастин иелік етеді.
Жазушы Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысы Қаратал ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Түрлі басылымдарда, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Шығармаларының басым бөлігі – детектив жанрында. Кемел Тоқаев 1986 жылы дүниеден озды.
ПІКІРЛЕР