Accessibility links

Жаңаөзенде мұнайшылар наразылығы жалғасып жатыр


Жаңаөзенде аштық жариялап жатқан мұнайшылар мен оларды қолдап келген отбасылары. 15 тамыз 2023 жыл. Скриншот.
Жаңаөзенде аштық жариялап жатқан мұнайшылар мен оларды қолдап келген отбасылары. 15 тамыз 2023 жыл. Скриншот.

Жаңаөзенде "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясының кемінде 26 жұмысшысы қызметкерлердің айлығын теңестіруді талап етіп жатыр.

Алты аптадан бері компанияның Жаңаөзендегі ғимараты алдында тұрған жұмысшылардың 18-і үш күн бұрын "сулы" аштық жариялаған. Олардың сөзінше, тағы бір адам денсаулығы нашарлағандықтан аштықты үзуге тура келген.

26 адамның барлығы күні-түні Жаңаөзендегі кәсіпорын маңында тұр. Жұмысшылардың туыстары олардың қауіпсіздігіне алаңдап жатыр.

"Біз олардың жанында кезекпен түнеп кетіп жатырмыз. Себебі, соңғы күндері оларға азаматтық киімдегі белгісіз кісілер келіп, қорқытып жатыр", – деді жұмысшылардың бірінің жұбайы.

"26 ер адамның бәрі осы жерде. Аштыққа жатқандар да, қасындағылар да дәл осы жерде. Келіншектері құртақандай баласымен, бесіктегімен, бірге келіп, осы жерде қонып жатыр. Құрттай екі айлық баламен жүргендер бар. Кеше 26 градус түннің салқынында қатып қалайын деп осы жерде жаттық қара жерде. Келіншектері, аналары – әрқайсысы осы жерде шырылдап жүрген адамдар. Барлығы ер адамдардың аман-есен келуін тілеп отыр" деді жұмысшылардың бірінің әйелі Азаттыққа.

15 тамызда жұмысшылардың бірі видео түсіріп, наразылар "Аштық" деген жазуы бар шатыр астында отырғанын хабарлаған.

"15.08.2023 жыл. "Мөлдір Мұнай Сервис". Мәселеміз әлі шешімін таппады. Балалардың аштық жариялағанына бір тәулік болды. Кейбірінің жағдайы нашарлап жатыр. Жедел жәрдем көлігі келді. Қан қысымын өлшеп жатыр. Балалардың қан қысымы 180-ге көтеріліп жатыр. Олар әбден қажыды" деді видеода сөйлеп тұрған ер адам.

Видеода наразылардың кейбірінің лоқсып жатқаны көрінеді. Кемінде бірнеше адамды медицина қызметкерлері тексеріп шыққан. Оларды жедел жәрдем қызметкерлері алып кетті.

16 тамызда облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жаңаөзен ауруханасына аштық жариялаған төрт адамның жеткізілгенін мәлімдеді. Олардан гастрит және панкреатит белгілері анықталған. Барлығы амбулаторлық емдеуге жіберілген.

"Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясы басшысы жұмысшыларының аштық жариялағанын растады. Алайда компания басшылары қаржы мәселесіне байланысты жұмысшылардың талабын атқару мүмкін емес екенін жеткізді. Олардың сөзінше, компания екі айдан бері шығынға ұшырап жатыр.

Аталған компания мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау бойынша қызмет көрсетеді. Құрамында 16 өндірістік құрылымы бар "ӨзенМұнайГаз" маусым айында "БерӘлі Маңғыстау company"-дың бұрынғы жұмысшылары "Мөлдір Мұнай Сервиске" жұмысқа орналасуға келіскенін мәлімдеген.

  • Сарапшылар Қазақстанда ереуіл жұмысшылардың мәселесіне назар аудартудың негізгі амалына айналғанын айтады. Наразылыққа қатысушылар негізінен жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Жұмыс берушілер әдетте жұмысшылардың талаптарын ішінара орындайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG