Қарағанды облысы Шахтинск қаласының "Қазақстан" шахтасында өрт болып, кеншілер зардап шекті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, 4 кенші ауруханаға түскен, екеуі Қарағанды облыстық медицина орталығына жеткізілген.
Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр, жер астында әлі бірнеше шахтер қалған. Олар туралы ақпарат әлі айтылмады.
Биліктің мәліметінше, 13 кенші бас ауруы мен жөтелге шағымданған.
Сағат 14.00-ге қарай билік жер үстіне 224 шахтер шығарылғанын хабарлады.
Бейсенбі күні таңертеңгі сағат 10-да ресми мәлімет бойынша, "Қазақстан" шахтасында конвейер бауы өртеніп, эвакуация басталған. Алайда эвакуацияға түтін кедергі келтірген.
Өрттің неден шыққаны белгісіз. Билік себебін анықтайтынын айтты.
"Қазақстан" шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.