Accessibility links

Министрлік "Пхеньяннан қару тасымалдауға қатысы бар" Астанада тіркелген компания туралы айтты


Қазақстан ұлттық экономика министрлігі "Солтүстік Кореядан Ресейге қару тасымалдауды ұйымдастыруға көмектеспек болған" Астанада тіркелген Defence Engineering компаниясы туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Бір күн бұрын бұл компания ресейлік ООО "Верус" және словакиялық Versor компаниясымен бірге АҚШ санкциясына ілінген.

Ведомство мәліметінше, Defence Engineering компаниясының қызметі 2021 жылы 14 ақпанда тоқтаған. "Аталған кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген". Министрліктің "ерекше тауар" деп нені айтқаны түсініксіз.

"Біз компанияның санкциялар тізіміне енгізілуін Қазақстанның резиденті болып табылмайтын, оның иесі Ашот Мкртычевтің АҚШ санкциясына ілінуімен байланыстырамыз. Компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жәйт. Бұл адам 2020 жылғы 7 наурызда Қазақстан аумағынан кетіп қалған. Одан кейін елге кірмеген" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Хабарламада Ашот Мкртычевтің Қазақстанда қанша уақыт болғаны айтылмаған.

"Біз батыстағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бұл компания бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады" деп жазылған министрлік сайтында.

16 тамызда Азаттық ашық дереккөздерде Defence Engineering компаниясының телефоны деп көрсетілген нөмірге хабарласқан. Атының Алма екенін растаған әйел "2019 жылы үш ай бойы осы компанияға жұмысқа орналасуға тырысқанын, ақыры орналаса алмағанын" айтты. Айтуынша, компанияға кеңсе менеджері ретінде жұмысқа тұрмақ болған, жұмысты хабарландырудан көрген. Ол "осы уақыт аралығында компанияның бірде-бір өкілін көрмегенін, компанияға еш қатысы жоғын" айтты. Компания туралы деректе оның электронды поштасы да көрсетілген. Бірақ ол оған қатысы жоғын, компанияның немен айналысқанын білмейтінін айтты.

АҚШ қаржы министрлігінің түсініктемесінде Defence Engineering жетекшісі Ашот Мкртычев өз компаниялары арқылы Ресей өкілдерімен Солтүстік Кореядан Ресейге 20-дан астам қару түрлерін тасымалдау бойынша келіссөз жүргізгені жазылған. Осылайша АҚШ-тың Солтүстік Кореяға салған санкциясын бұзған.

Әзербайжанда туған, Словакия азаматтығы бар Мкртычевтің өзі 2023 жылдың 30 наурызынан бері АҚШ санкциясына ілінген.

  • Совет одағы құлағаннан кейін бірқатар әскери техника мен қаруға ие болған Қазақстанның 1999 жылы МиГ-21 жойғыш ұшағын Солтүстік Кореяға сатпақ болғаны анықталып, халықаралық дау туындаған.
  • Сол оқиғадан кейін Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев және қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға кеткен. Жойғыш ұшақты заңсыз сату ісі бойынша Қазақстан қарулы күштері бас штабының жетекшісі Бақытжан Ертаев сотқа тартылды. Оған "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып, сот арқылы ақталып шықты. Тағы бір кәсіпкер Александр Петренко "контрабанда" бойынша айыпталып, екі жыл түрмеге кесілді, рақымшылықпен сот залынан босап шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG