Accessibility links

"Қазақстан" шахтасында тағы бір жұмысшының денесі табылды


Kazakhstan -- Coal miners enter the shaft at the Kostenko mine in the central city of Karaganda, 13Jun2012
Kazakhstan -- Coal miners enter the shaft at the Kostenko mine in the central city of Karaganda, 13Jun2012

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасында тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қалған үш адам іздестіріліп жатыр. Бұл жөнінде 18 тамызда таңертең "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өкілдеріне сүйенген Tengrinews агенттігі жазды.

"Қазақстан" шахтасында құтқару жұмыстары түні бойы жалғасты. 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір оны беру шаралары жүріп жатыр" деді "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының тау-кен бөлімі атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.

Оның айтуынша, қазір өртті оқшаулау бойынша төрт бөлім істеп жатыр. Тағы үш бөлім үш жұмысшыны табуға күш салып жатыр.

"Жұмысшыларымызды тезірек табу үшін барлық шара қолданылып жатыр. Көмір департаменті мен "Қазақстан" шахтасы тәулік бойы кәсіпорынның басы-қасында" деді ол.

Бір күн бұрын таңертең аталған шахтада өрт болып, жер астындағы 227 шахтердің 222-і жер үстіне шығарылған, қалған бесеуі іздестіріліп жатқаны хабарланған. Кейін бес адамның бірінің қаза болғаны белгілі болды.

АМТ мәліметінше, қаза болған жұмысшының аты-жөні Виталий Слюньков. 1965 жылы туған бесінші разрядтағы электрослесарьдың 39 жыл тәжірибесі болған. Қаза болған екінші жұмысшының аты-жөні әзірге жарияланбады.

Өрттен кейін 8 адам ауруханаға жатқызылған. Екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала тексеріс бойынша, олардың шахта газынан қатты уланғаны анықталған, улы-гипоксикалық энцефалопатия, улану бронхиті диагнозы қойылған.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазір "Тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу" бабы бойынша тергеу басталғаны, оқиға орнында Қарағанды облысының полициясы жүргені хабарланды.

  • "Қазақстан" шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.
  • 2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында метанның салдарынан жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқталыған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.
  • 2021 жылы Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мамандары "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданған. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG