17 тамызда Мәскеу соты тыңшылық бойынша күдікке ілінген АҚШ азаматы Евгений Спекторды (Юджин) қамауға алуға рұқсат берді. Спектордың Ресей азаматтығы да бар.
"Интерфакстың" хабарлауынша, сот Спекторды қамауға алу туралы тергеушінің өтінішін қанағаттандырған. Іс материалдары құпияланғандықтан сот отырысы жабық өткен.
ТАСС-тың жазуынша, бұрын Спектор бұрынғы вице-премьер Аркадий Дворковичтің көмекшісі 12 жылға сотталған Анастасия Алексееваның ісі бойынша сотқа тартылған. 2021 жылы маусымда Мәскеу соты Спекторды пара алуға қатысы бар деп айыптап, 4,5 жыл түрмеге кескен. Бірақ апелляция инстанциясында сот үкімінің күші жойылған. Ал 2022 жылы күзде іс қайта қаралып, Спектор 3,5 жылға сотталған.
ТАСС-тың жазуынша, Спектор онкологиялық ауруларды емдеуге маманданған "Медполимерпром" мекемесі директорлар кеңесінің төрағасы болған.
Спекторға тағылған айыптар Алексееваның ісіне қатысы бар-жоғы белгісіз.
АҚШ әкімшілігі Америка азаматының қамалуына қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Наурыздың соңында Ресейде тыңшылық айыбымен The Wall Street Journal басылымының тілшісі Эван Гершкович қамауға алынған. АҚШ билігі мұны сынап, журналисті босату үшін күресіп жатыр. Ресей колониясында осы айып бойынша тағы бір Америка азаматы Пол Уилан да отыр.