Жамбыл облыстық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді", "қару-жарақ ұрлады және сақтады" деген айыппен 16 жылға сотталған Ербол Жұмановқа шыққан үкімді өзгертпеді. Сот бірінші инстанцияда 5 жыл түрмеге кесілген Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев, 6 жылға кесілген Нұрахан Махатовтың жазасын 4 жылға дейін азайтқан. Бұл жөнінде Qazaq Times және Жамбыл облыстық соты хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, бірінші инстанцияда рақымшылықпен босап шыққан қалған 5 адам үкімді апелляцияға бермеген.
Qazaq Times-тың жазуынша, бейсенбі күні Ербол Жұманов пен қорғау тарабы сот қаулысына наразылық білдіріп, алдағы уақытта Жоғары сотқа кассациялық шағым түсіретіндерін мәлімдеген. Қаулы оқылған кезде айдауыл Ербол Жұмановты қорғаушыларынан алшақ, залдың есікке жақын бөлігінде орналасқан торға отырғызған. Айдауыл сот қаулысы оқылып біткен тұста, оны соңына дейін сөйлетпей, залдан алып кетті.
Басылымның жазуынша, 17 тамызда түске дейінгі отырыста Жұмановтың адвокаттары сот алқасына сенімсіздік білдірген. Ербол Жұмановтың қоғамдық қорғаушысы Ержан Жұманов осы уақытқа дейін 16 өтінішхат түсіргендерін, оның 12-і қанағаттандырылмағанын айтты. Бірақ оны өзге сотталушылар мен олардың қорғаушылары қолдамады. Сот алқасы осыны алға тартып, өтінішхатты қанағаттандырмады.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, Нұрахан Махатов, Айбол Сағынтай, Жақсылық Абдуллаев "кінәларын жартылай мойындағандықтан" олардың жазасы қысқарған.
"Апелляция бас бостандығынан айырылған үш адамның кінәсін жартылай мойындауын, олардың жасағандары үшін өкінулерін ескере отырып, олардың жағдайын жеңілдету және тағайындалған жазаны ҚК-нің 272-бабының 1-бөлігінің санкциясында көзделген жазаның ең төменгі шегіне дейін төмендету мүмкіндігі бар деген қорытындыға келді. Түпкілікті оларға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды" деп жазылған сот хабарламасында.
Соттың хабарлауынша, бұл іс бойынша рақымшылықпен босап шыққан бес адамның екеуінің жазасын прокуратура бас бостандықтан айыру жазасымен алмастыру туралы өтініш түсірген. Бұл өтініш қанағаттандырылмаған.
Бұған дейін апелляциялық сотта сотталушылардың бірінің "шыдамы таусылып" кабина әйнегін сындырғаны жөнінде видео тараған. Осыдан кейін сот сотталушыларсыз жалғасты деп айтылады.
Биыл 28 сәуірде Тараз соты "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деген айыппен тоғыз адамды соттаған. Ербол Жұманов – 16 жылға, Нұрахан Махатов – 6 жылға, Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Іс бойынша сотқа тартылған өзге бес адам – Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов пен Саламат Қосанов рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан.
ПІКІРЛЕР