Accessibility links

Маңғыстау әкімдігі МАЭК-тегі жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады


Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы (МАЭК) №1 ЖЭС энергоблокты жөндеу жұмыстары ерте аяқталғанын хабарлады. Бұған дейін жөндеу жұмыстары кезінде электр энергиясын тұтынуға шектеу қойылғаны белгілі болған.

Мамандарға сүйенген әкімдік баспасөз хабарламасында "жұмыс барысында қазандықтың оң жақ тұзды бөлігіндегі зақымдалған 5 экрандық құбыр ауыстырылды, бұған дейін сол жақ тұзды бөлігінде 12 құбыр ауыстырылған еді" деп жазды.

Монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорын қызметкерлері дәнекерленген құбырларды тексеріп, гидравликалық сынақ жүргізген.

Ресми хабарламада энергоблок 17 тамыз сағат 17:30-да қосылды деп жазылған.

"МАЭК қызметкерлері апатты тез арада жою үшін тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүргізді. Энергия блогын жөндеу жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды" деп жазылған хабарламада.

Бұған қоса, энергоблоктың жұмысы сынақтан өткізіліп, халық және ірі өнеркәсіп орындарының басым бөлігі тұтынатын электр энергиясын "кезекпен ажырату" режимі алынған.

Жөндеу жұмыстарына байланысты және № 1 ЖЭС энергоблогы тоқтағаннан кейін Маңғыстау облысында (арасында Жаңаөзен, Шевченко және өзге де елді мекендер мен аудандарда) күн сайын елді мекендерде электр энергиясы бес сағатқа өшкен.

Шілде басында әуелі МАЭК, содан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында апат болған. Соның салдарынан елді мекендерде жаппай жарық сөніп, Маңғыстау облысы мен Атырау қаласында мыңдаған адамға су беру тоқтаған, бұған қоса мұнай кәсіпорындары да жұмыстарын доғарған. Кейін МАЭК жабдықтарының 80 пайыздан астамы әбден ескіргені айтылды.

Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, жоғарыда айтылған апат энергия кәсіпорнын тиісті дәрежеде қаржыландырмаудың салдарынан туындаған. Жабдықтардың тозуы, кешенді жөндеудің жоқтығы, жұмысшылар жалақысының аздығы " № 1 " блогының тоқтауы қазіргі апатқа айналған деген еді министрлік өкілдері.

Үаімет МАЭК-ті жөндеуге резервтен 4,9 млрд теңге бөлу туралы қаулы қабылдады.

XS
SM
MD
LG