18 тамызда Түркістан қаласының соты Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының бұрынғы басшысы Дамир Жүнісов пен оның орынбасары Дінмұхамед Жақыпбековты кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ал олармен бірге істі болған "Ернияз-1" компаниясының басшысы Ербол Дайрашовты 7 жылға шартты жаза кесті. Жүнісов пен Жақыпбеков сот залынан қамауға алынды. Үшеуі де "Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабымен айыпталған.
Бұған дейін үйқамақта болған Жүнісов пен "кепілмен" босатылған Жақыпбеков сот залынан қамауға алынды. Сот Дайрашов "мемлекетке келтірілген 73 млн 800 мың теңге залалды толығымен өтегендіктен" шартты жазаға кесті.
Сонымен бірге сотталған екі шенеунік белгілі бір мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына, Дайрашов 7 жылға айырылған.
Прокурор жарыссөз кезінде соттан Жүнісов пен Жақыпбековті 8 жылға, Дайрашовты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Айыптау актісіне қарағанда, жемқорлық фактісі 2020 жылдың ақпан айы мен 2021 жылдың наурыз айында болған. Облыстық қоғамдық даму басқармасын (бұрынғы ішкі саясат басқармасы – ред.) басқарған Жүнісов, Жақыпбеков пен Дайрашов мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткізген 11 тендерден жалпы сомасы 229,5 млн теңге мемлекетке залал келтірген. Тергеп-тексеру кезінде оның 127, 5 млн теңгесі қайтарылған. Айыпталушылар тағылған айыпты мойындаған.
Айыптау актісінде 11 тендердің барлығы бір көзден өткені жазылған. Төртеуі ішінара, жетеуі мүлде орындалмаған. Бірақ келісім-шарттарда "орындалды" деп есеп берілген. Мысалы, "Наурыз басы – Түркістан" және "Әлем сүйсінген – Түркістан" атты екі бейнеролик үшін әрқайсысына 22 млн теңге бөлінген. "Түркістан" телеарнасында осы тақырыптарда жасалған сюжеттер монтаждалып, орындалған жұмыс ретінде тіркелген. Бірақ бұл негізгі келісім-шарттың талаптарына сай болмаған.
Істе жәбірленуші ретінде Түркістан облыстық әкімдігі танылған.
Қазақстан билігі жыл сайын жемқорлықпен күресті күшейтеміз дегенімен елде шенеуніктер арасында пара алу, бюджет ақшасын жымқыру фактілері жиі болады. Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеп, 180 елдің ішінде 102-орын алған.
ПІКІРЛЕР