Accessibility links

New York Times: Украинадағы соғыста қаза болғандар мен жараланғандар жарты миллионға жуықтады


"Вагнер" жасағы жерленген Самарадағы зират.
"Вагнер" жасағы жерленген Самарадағы зират.

Ресей басқыншылығы басталғалы бір жарым жыл ішінде Украинадағы соғыста екі жақтың адам шығынын қоса есептегенде қаза болғандар мен жараланғандар жарты миллионға жуықтаған. АҚШ әкімшілігінің аты-жөнін атамаған өкіліне сүйенген New York Times басылымы осындай дерек келтіреді.

Бұл есепке майдан даласында қаза болғандар ғана кіреді, Ресей басқыншылығының салдарынан опат болған бейбіт тұрғындар есепке кірмеген.

АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, Ресей жағынан көп адам өлген, дегенмен соғыста өлген украин жауынгерлерінің қатары да аз емес. Соғыста 120 мыңға дейін ресейлік солдат мерт болған болуы мүмкін, 170-180 мың адам жараланған. Ал Украина 70 мың жауынгерінен айырылған болуы мүмкін, жараланғандар 120 мыңға жуықтайды.

New York Times-тің жазуынша, мәселе расталған деректер жөнінде болып отырған жоқ және тіпті Америка ведомстволарының өз ішінде Ресей мен Украинаның соғыстағы шығыны туралы мәліметтер әртүрлі. Мысалы, жыл басында интернетке жарияланып кеткен Пентагон құжаттарында соғыста өлген ресейліктер 43 мың екені айтылады, ал Украина жағы 17 мың солдатынан айырылған.

Екі жақ та адам шығыны туралы мәлімет бермейді. Мәскеу соғыстағы адам шығыны туралы соңғы рет бір жыл бұрын айтқан. Ал Киев мәліметтер соғыстан кейін жарияланатынын айтқан. Екеуі де қарсы тараптың адам шығыны көбірек екенін айтумен келеді.

Ашық дереккөздерді талдай отырып ақпарат құралдары да соғыстағы адам шығынын есептеуге тырысып келеді. BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" соғыста қаза болған 30 мың Ресей азаматының аты-жөнін анықтаған. Зерттеушілер қаза болғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді. Евгений Пригожин Бахмутты басып алу кезінде бір "Вагнердің" өзі 20 мың адамынан айырылғанын айтқан.
New York Times-тің жазуынша, көп адам шығынына қарамастан соғыс алаңында Ресей әскер саны жағынан басымдыққа ие – Ресей халқының саны Украинадан үш есе көп. Былтыр күзде Ресейде мобилизация басталып, ер адамдарды соғысқа ала бастаған.
XS
SM
MD
LG