Accessibility links

Қарағанды полициясы ҚазТАГ тілшісіне жасалған шабуылға қатысты арызды тіркеді


Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл.
Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасынан шыққан түтін. 18 тамыз 2023 жыл.

Қарағанды облыстық полиция департаменті "Қазақстан" шахтасында ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына жасалған шабуылға қатысты арызды тіркеді. Бұл жөнінде 19 тамызда таңертең ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Қарағанды облыстық полиция департаменті журналист Диана Сапарқызының арызын тіркеді" деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, 18 тамызда "Қазақстан" шахтасында болып жатқан оқиғаларды түсіруге тырысқан ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған.

ҚазТАГ төтенше оқиға болып жатқан "Қазақстан" шахтасына журналист шын мәнінде не болып жатқанын анықтау үшін барғанын, "АрселорМиттал Теміртауда" болып жатқан оқиғаларға қатысты ақпаратты тек билік және АМТ беріп отырғанын, тәуелсіз дереккөздер жоғын атап өтеді.

Соңғы мәлімет бойынша, өрт шыққан шахтада жоғалған бес адамның үшеуінің мәйіті табылған, қалған екеуі іздестіріліп жатыр. Ондағы өрттің әлі сөндірілмегені де хабарланды.

ҚазТАГ-тың жазуынша, Диана Сапарқызына бұған дейін полиция қызметкері де күш көрсетіп, кейін Қарағанды облыстық полиция департаментінің өкілдері кешірім сұраған.

Қазір журналистке шабуылдың жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG