Accessibility links

Вашингтон, Токио мен Сеул Пекиннің Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекетін айыптады


Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Еля Кэмп-Дэвидтегі саммитте.
Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Еля Кэмп-Дэвидтегі саммитте.

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Вашингтонның Азиядағы басты одақтас елдерінің басшыларымен саммит өткізді. Қытай мен Солтүстік Корея тарабынан зорайған қоқан-лоқыға бірігіп қарсы тұру үшін АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Кэмп-Дэвидке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель және Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида келді деп хабарлады "Америка дауысы".

Кэмп-Дэвидтегі саммитте АҚШ Жапония мен Оңтүстік Кореяны Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі "қауіпті әрі басқыншыл әрекетіне" қатаң реакция білдіруге үндеді.

Ортақ мәлімдемеде (Reuters агенттігі корей тілінде жазылған нұсқасын көрген) үш ел дағдарыс жағдайында бір-бірімен дер кезінде кеңесіп отыруға келіскені жазылған. Бұған қоса, осы үш елдің мүддесіне қайшы аймақтағы әрекеттерге реакцияны үйлестіру қажеттігі де жазылған.

"Жуырда Қытай халық республикасының Оңтүстік-Қытай теңізіндегі қауіпті әрі басқыншыл әрекетіне келсек, Үнді-Тынық аймағы суындағы статус-квоны біржақты түрде өзгерту талпыныстарына үзілді-кесілді қарсымыз" деп жазылған мәлімдемеде.

Тараптар сонымен бірге жыл сайын үшжақты әскери жаттығу өткізуге келіскен. Олар бір-бірімен Солтүстік Кореяның ракета ұшыруына қатысты ақпараттармен де бөлісіп отыруға уағдаласқан.

Үш басшы әрі қарай да Киевті қолдай бермек және Мәскеуге қарсы санкция күшін сақтап қалуды қолдады. Бір мезетте олар Ресей отына тәуелділікті қысқартуды жалғастыра бермек.

Бақылаушылар ортақ мәлімдемеде Қытайға көп сын бағытталғанын және Пекин оған жауап беруі мүмкін екенін айтты. Қытай – Оңтүстік Корея мен Жапонияның маңызды сауда әріптесі, деп жазды Reuters.

Кездесу соңында Байден "егер біз біріксек, елдеріміз күштірек болады, бейбітшілік қауіпсіз болады" деді Байден. Юн Сок Ель "бостандығымызға қауіп төнбес үшін бірігуге тиіспіз" деді.

Кисида кездесу "үш ел тарихтың жаңа бетін ашты, ол бүгіннен басталады" деді.

Ал Пекин Оңтүстік Корея мен Жапония АҚШ-пен байланысын нығайтса, "аймақта жағдай ушығуы мүмкін" деген.

XS
SM
MD
LG