Accessibility links

Украин ұшқыштары шведтердің "Грипен" жойғыш ұшағын сынақтан өткізіп жатыр


Saab JAS-39 Gripen
Saab JAS-39 Gripen

Украин ұшқыштары шведтердің Gripen жойғыш ұшағын сынақтан өткізуге кірісті. Бұл жөнінде Украина президенті Владимир Зеленский Стокгольмде Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссонмен өткізген баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.

"Әуеде ұтылып жатырмыз. Бізде соңғы үлгідегі ұшақтар жоқ. Шведтің "Грипен" ұшағы – мемлекетіміздің мақтанышы. Менің ойымша, премьер-министр осындай мақтанышпен оны бізге бере алады деп ойлаймын. Ол да бізге үлкен мақтаныш болар еді" деді Зеленский. Оның сөзінен УНИАН агенттігі үзінді келтіреді.

Бұған қоса, Зеленскийдің пікірінше, келіссөз кезінде шведтердің CV-90 дронын Украина аумағында бірігіп өндіру мәселесі талқыланған.

"Украинада CV-90 дрондарын тезірек шығаруға күш саламыз" деді Зеленский.

Кристерссон өз сөзінде "Грипен" туралы айтқан жоқ, алайда сенбі күні Ресей әскерінің Чернигов қаласын ракетамен атқылауын айыптады. Ракета шабуылының салдарынан 7 адам қаза болды, 117 адам жараланды.

Украина президенті кеңсесінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров телемарафон эфирі кезінде теория жүзінде Украинаға "Грипен" ұшағын алуға үш қана қадам қалды деп мәлімдеді.

"Ұшақ сыналады, сосын жаттығу басталады, сосын саяси келісім, содан кейін сол ұшақтар жеткізіледі. Әзірге теория жүзінде ғана осылай болып тұр. Не істеуге болатынын көреміз" деді ол.

19 тамызда Владимир Зеленский Швецияға сапарлап келді. Бұл оның Ресей басқыншылығы басталғалы бергі Швецияға алғашқы сапары.

17 тамызда Швеция парламенті Украинаға құны 3,25 млрд швед кроны болатын (шамамен 270 млн еуро) жаңа әскери көмекті мақұлдаған. Ақпаратқа қарағанда, осы көмек аясында Киевке оқ-дәрі және бөлшектер, сонымен бірге минадан тазарту құрылғыларын жеткізілмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG