Accessibility links

Навальныйдың жақтастары ондаған елде "Путин – қанішер" дейтін акция өткізді


"Путин - қанішер" акциясы. Вильнюс, 20 тамыз 2023 жыл.
"Путин - қанішер" акциясы. Вильнюс, 20 тамыз 2023 жыл.

Жексенбіде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары "Путин - қанішер" дейтін акция өткізді. Акция Навальныйдың уланғанына үш жыл толуына орай ұйымдастырылды. Саясаткердің өзі де, оның жақтастары да бұған Владимир Путин бастаған Ресей билігін кінәлайды.

Акция Грузия, Эстония, Жаңа Зеландия, Австралия, Франция, Чехия, Литва, Германия, Швеция, Дания, Ұлыбритания және АҚШ елдерінде өтті.

Акция кезінде белсенділер Ресейдің Украинаға басқыншылығын да сынады.

Вильнюстегі іс-шараға Навальныйдың жақтастары – Иван Жданов, Дмитрий Захватов, Владимир Милов қатысты. Алаңға Алексей Навальныйдың қызы Дарья да шықты. Бұл жөнінде Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.

Ресейдің бірнеше қаласында жалғыз адамдық пикет өткен.

Махачкалада жалғыз адамдық пикетке шыққан тұрғын "Навальныйға бостандық! Репрессияға жол жоқ! Соғысқа жол жоқ!" деген плакат ұстап шыққан.

"ОВД-Инфо" мәліметінше, Мәскеуде "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген плакатпен екі адам ұсталды. Олар қала орталығындағы Арбат пен Қызыл алаңға шыққан. "Навальный командасының" телеграм-арнасы Қызыл алаң маңында "Навальныйға бостандық, соғысқа жол жоқ!" деген плакат ұстап шыққан акция қатысушысын жариялады.

Тағы бір акция қатысушысы — Антон Малыхин Манежная алаңындағы Жуков ескерткішінің жанында "Соғысқа жол жоқ" деген плакатпен ұсталды.

Санкт-Петербургте жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенді Сергей Рябушев те ұсталды. Кейін оның үстінен хаттама толтырып, босатылғаны хабарланды.

Оппозиционердің жақтастары акция туралы хабарландыру жариялағанда алдымен "қауіпсіз елде" тұратын адамдарды шақыратынын жазған. Ресейде рұқсат етілмеген акция қатысушылары әкімшілік қамауға алынады. Одан бөлек Навальный құрған "Жемқорлыққа күрес қоры" Ресейде "экстремистік" деп танылып, ел аумағындағы қызметіне тыйым салынған. Сондықтан азаматтарды қормен байланыс жасады деген айыппен қылмыстық қудалау қаупі бар.

Тамыз айының басында Ресей соты оппозиционер Алексей Навальныйды "экстремизм" бабымен 19 жылға соттады. Сот Кремль сыншысын қатаң режимдегі түрмеге жіберді. Навальный Қылмыстық кодекстің алты бабымен айыпталған. Оған "экстремистік қауымдастық құрды әрі қаржыландырды", "экстремизмге шақырды", "нацизмді ақтады" деген негізгі айыптар тағылды.

Навальный құрған "Жемқорлыққа қарсы" ұйымы Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасындағылардың байлығын әшкере ететін үлкен зерттеулер жасаған.

2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, комаға түскен. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды. Еуропаның тәуелсіз зертханалары саясаткердің ағзасынан жүйке жүйені сал қылатын "Новичок" тобына жататын у қалдықтарын тапқан.

Навальный 2021 жылы қаңтарда Германиядан Ресейге ұшып келгенде әуежайда ұсталып, қамауға алынған. Ол содан бері түрмеде отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG