Accessibility links

Үкімет ТЖ қызметкерлеріне дрон сатып алуға жүздеген миллион теңге жұмсамақ


Семей орманындағы өрт. 1 шілде 2023 жыл.
Семей орманындағы өрт. 1 шілде 2023 жыл.

Қазақстан үкіметі төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріне дрон мен су төгетін құрылғы алуға 633 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойған қаулыға сәйкес, бұл қаражатқа ұшаққа арналған 5 су төгетін құрылғы мен 71 дрон сатып алынады.

Үкімет хабарламасында дрон моделі мен жеткізушісі көрсетілмеген. Ақпаратқа қарағанда, қазір ТЖМ бөлімшелерінде 27 дрон бар. Үкімет «биыл елде болған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар дрондардың саны жеткіліксіз екенін көрсетті» деп отыр. Баспасөз қызметі ТЖМ-де өрт ошақтарына су төгетін 12 құрылғы, арнайы 34 ұшақ барын айтты

Қазақстанда жыл сайын мыңға жуық орман, дала өрті, төрт мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі деп хабарлады Үкімет сайты.

Маусымның басында "Семей орманы" резерватындағы өрт бір аптада 60 мың гектарға тарап, 15 адам қаза болған. Мерт болғандардың 14-і орман шаруашылығының қызметкері еді.

1 шілдеден бастап Қазақстанда табиғатты қорғау қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. 11 тамызда экология министрлігі табиғатты қорғау ұйымындағы штаттан тыс қызметкерлерге үстемақы беру мәселесі қаржы министрлігімен бірлесіп "қарастырылып жатыр" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG