Accessibility links

Bloomberg: Ресейдегі күш құрылымы өкілдері мобилизация жарияланғанын әрі Шойгудың отставкаға кеткенін қалайды


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу. 22 маусым 2022 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу. 22 маусым 2022 жыл

Ресей күш құрылымдарының басшылығындағы ықпалды адамдар қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы Валерий Герасимовтың отставкаға кетуін, Украинадағы соғысты жандандырып, бүкілхалықтық мобилизация жариялауды, елде әскери жағдай енгізілгенін қалайды. Олар Ресей президенті Владимир Путинді осы қадамдарға көндіргісі келеді.

Бұл жөнінде Ресейдің саяси элитасындағы бес дереккөзіне сүйенген Bloomberg агенттігі жазды. Сайт Шойгудың қызметтен кетуін және мобилизация жариялауды қалайтын ықпалды шенділердің есімін атамады.

Агенттік маусымның соңында Мәскеуге қарулы жорық ұйымдастырған "Вагнер" жекеменшік әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожиннің осындай талаптар қойғанын атап өтті. Путин "Вагнер" әрекетін "бүлік" деп атаған еді. Bloomberg жазуынша, Ресей билігіндегі көп адам Путиннің бүлікке шыққандарды жазаға тартпағанына таң қалған.

"Бұл Путиннің "тұрақтылықтың кепілі" деген беделіне нұқсан келтіруі мүмкін" дейді агенттік.

Дегенмен, Bloomberg жазуынша, ресейлік элита өкілдері Путиннің орнын басатын адам жоқ деп ойлайды.

Агенттік мақаласын негізінен Кремльдің 2024 жылғы президент сайлауына дайындығына арналған. Сарапшылардың көбі Путин тағы да алты жылдық мерзімге сайлануға әрекет жасап көреді деп санайды.

Дереккөздердің айтуынша, Ресей президентін Украинадағы соғыстан бөлек, рубль бағамы мен экономикалық тұрақтылық мәселелері ерекше алаңдатып отыр.

Bloomberg агенттігімен сұхбаттасқандар Путин сайлау алдында рубль құлдырап, инфляцияның өскенін қаламайды деп санайды. Агенттіктің болжамынша, Путин бесінші рет сайлауға түсіп, соғыс, санкция мен экономикалық мәселелерге қарамастан, сайлау науқанын билік берік әрі сенімді қолда екенін дәлелдеу үшін пайдалануға тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG