Accessibility links

АҚШ өз азаматтарын Беларусьтен дереу кетуге үндеді


АҚШ-тың Беларусьтегі елшілігі. 24 қаңтар, 2020 жыл.
АҚШ-тың Беларусьтегі елшілігі. 24 қаңтар, 2020 жыл.

АҚШ Беларусьтегі азаматтарына елден дереу кетуге кеңес берді. Бұл хабарламаны АҚШ-тың Минскідегі елшілігі сайтында жариялаған.

Онда Литва-Беларусь шекарасындағы алты шекара өткелінің екеуі жабылғаны, бұған қоса Литва, Латвия мен Польша Беларусьпен шекарасын толығымен жабуды қарастырып жатқаны айтылған.

АҚШ елшілігі америкалықтарға Беларусьтен Латвия мен Литва шекара бекеттері арқылы немесе ұшақпен кетуге және Ресейге не Украинаға бармауға кеңес берген.

АҚШ өз азаматтарын Беларуське бармауға үндеген. Елшілік төтенше жағдай болғанда дипломатиялық өкілдіктің америкалық азаматтарға консулдық көмек көрсету мүмкіндігі шектелгенін айтып отыр.

Литва 18 тамыздан бастап Шумскас (Лоша) және Тверячюс (Видзы) шекара бекетін жапты. Литва ішкі істер министрі Агне Билотайтенің сөзінше, үкімет қорғаныс жүйесі бойынша Беларусьпен шекараны толық жабуға дейінгі түрлі жолды қарастырып жатыр. Оның айтуынша, жағдайға байланысты мұндай шараны Беларусьпен шекаралас Литва, Латвия және Польша да қабылдауға тиіс.

Агне Билотайте Беларусьпен шекараны жабу мәселесі 28 тамызда Варшавада Балтық елдері мен Польша министрлері кездесуінде талқыланатынын айтты.

Латвия Беларусьпен шекарадағы қорғанысты нығайтып, Латвия шекара қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкенін хабарлады.

Польша билігі Беларусьпен шекарада қауіпсіздікті күшейту үшін шекарадағы әскерін 10 мыңға жеткізбек.

Беларусьпен көрші мемлекеттер Мәскеудің одақтасы Александр Лукашенко шақырған ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскер жасағының жүздеген сарбазының шекаралас аймақтарға келуіне алаңдап отыр. "Вагнер" басшысы Евгений Пригожиннің 23-24 маусымдағы бүлігінен кейін Лукашенконың араласуымен "Вагнер" күштерінің бір бөлігі Беларуське барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG