Accessibility links

Түркістан облысында бір әулеттен 11 адам суға кетті


Түркістан облысындағы Сырдария өзені. 5 мамыр, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
Түркістан облысындағы Сырдария өзені. 5 мамыр, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Түркістан облысы Отырар ауданында Сырдария өзеніне шомылуға барған 11 адам суға батып опат болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқыс оқиға 21 тамызда түстен кейін Көксарай елді мекенінен үш шақырымдай жерде болған деп хабарлады.

Құтқарушылар дарияға батып мерт болған сегіз адамды судан шығарған, оның алтауы – кәмелет жасына толмаған бала. Үш адам (екеуі кәмелетке толмаған) әлі табылмай жатыр.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қаза болғандар – Көксарай ауылында тұратын төрт ағайынды отбасының мүшелері. Суға шомылуға барлығы 20 адам барған.

Шілденің аяғында Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ұларбек Әбікеев жыл басынан бері 144 адам, соның ішінде кәмелет жасына толмаған 40 бала суға кетіп көлденең қазаға ұшырағанын хабарлаған. Судағы адам қазасы фактілерінің 97 пайызы шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркелген. ТЖМ өкілінің сөзінше, Қазақстанда кейінгі үш жылда 1 100-ден астам адамның (соның ішінде 321 баланың) ажалы судан болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG