Accessibility links

Джорджия судьясы Дональд Трампты бостандықта қалдырды. Экс-президент кепілге 200 мың доллар қоюға тиіс


Дональд Трамп пен Джорджия штаты Фултон округының прокуроры Фани Уилис.
Дональд Трамп пен Джорджия штаты Фултон округының прокуроры Фани Уилис.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2020 жылғы сайлау нәтижесін бұрмалау туралы сот процесі басталғанға дейін бостандықта болуға 200 мың доллар ақшалай кепіл қоюға тиіс.

Джорджия штаты Фултон округтік сотының судьясы Скотт Макаффи осындай үкім шығарды.

Судья сот процесі басталғанға дейін Трамптан осы іс бойынша айыпталған куәгерлерді қорқытпауды, сот төрелігіне кедергі келтірмеуді талап етті. Судья бұл айтылғанның бәрі Трамптың әлеуметтік желідегі мәлімдемелеріне де қатысы барын ескертті.

Дүйсенбіде Дональд Трамптың адвокаттары мен аудандық прокурор Фани Уиллис судья қойған шартқа келісті. Ақпаратқа қарағанда, келісім аясында әдетте қамауға алынған адамды ұстау немесе кепілмен босату туралы шешім қабылданатын сот отырысы өтпейді. Сондықтан Трамп ресми түрде қамауға алынып, дереу босатылады. Джорджия штатының ережесіне сәйкес, оның саусақ ізі алынып, суретке түсірілуі керек. Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында осы процедурадан өтуге бейсенбіде Атлантаға келетінін хабарлады.

Сайлау нәтижесін бұрмаламау туралы іс — АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың үстінен қозғалған төрт қылмыстық істің бірі. Джорджия округінің прокуроры Трампқа "осы штаттағы сайлау нәтижесін өзгертуге, дауыс санау мен сайлау нәтижесін бекіту процесіне байланысты қылмыстарға араласты" деген айып таққан. Бұдан бөлек Трампқа федералдық прокуратура екі іс, Манхэттен аудандық прокуратурасы бір іс бойынша айып тақты.

Дональд Трампқа байланысты сот процестері президент сайлауы науқаны кезінде өтуі мүмкін. Джорджия штатының прокурорлары сот процесін наурыз айында бастауды ұсынды. Ал Трамптың сайлау нәтижесін бұрмалау туралы сот процесі мамыр айына жоспарланған.

Дональд Трамп — АҚШ-тың бұрынғы президенттері арасында қылмыстық айып тағылған алғашқы адам. Ол айыптардың "саяси астары" бар деп көрсетуге тырысып жатыр. Қазір Дональд Трамп келесі сайлауға Республика партиясының атынан түсетін кандидаттар ішінде алда тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG