Accessibility links

Балқаш көлінің маңында АЭС салу жөнінде жария талқы өтті


Қазақстанда АЭС салуға қарсы азаматтардың пикеті. Үлкен ауылы, 22 тамыз 2023 жыл.
Қазақстанда АЭС салуға қарсы азаматтардың пикеті. Үлкен ауылы, 22 тамыз 2023 жыл.

22 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылындағы мектеп ғимаратында Балқаш көлі маңында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.

Іс-шара өтеді деп алдын ала хабарланған жерге Алматы мен Астанадан белсенділер, экологтар, саясаткерлер келді.

Шараны "Алматы электр станциялары" компаниясының күрделі құрылыс және трансформация жөніндегі басқарушы директоры Бағдәулет Өсенов жүргізді. Ол жиын басында "жария тыңдаудың мақсаты — жергілікті тұрғындардың АЭС салуға көзқарасын анықтау және талқылау. Ал қоғамдық тыңдаудың мақсаты — АЭС салуға жобалық құжаттарды бағалау және талқылау" деп айтты.

Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас АЭС мәселесі көтерілгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол: "Мұз ақыры дегенде қозғалды! Жасырудың керегі жоқ, біздің әр кездесуіміз осылай басталды" деді. АЭС салуға қарсы тарап әкімнің бұл сөзін жақтырмады, олар бірден ашуланып кетті.

"Негізгі мәселе — атом электр станция құрылысын талқылау. Бұдан не шығады? Бүкіл Қазақстанға қорытынды нәтижелер. Мен сіздерге айтайын, Жамбыл ауданында электр энергия тапшылығына байланысты қазір 200 миллиардтан астам [теңгеге] жобалар тоқтап қалды. Үлкендіктердің бәрі жақсы біледі, түсінеді, біздің кез келген кеңесіміз осы тақырыптан басталды. Бұл жоба бізге ауданымыздың болашағы жарқын болуы үшін қажет " деді аудан әкімі. Құрылысты қолдаушылар әкімді қолдап, қол шапалақтады.

Іс-шара басталардан алдын Алматыдан келген бір топ белсенді мектеп ғимаратының алдында АЭС құрылысына қарсы екенін айтып, пикет өткізді. Олар "Жер анамызды уланудан сақтаймыз!", "АЭС салдыруға жол жоқ!", "Ата-ана елі АЭС-тен азат!" деп жазылған плакат ұстап тұрды.

АЭС салу идеясын қолдап келгендердің басым бөлігі – Үлкен ауылының тұрғындары. Олардың айтуынша, станция құрылысы олардың ауылында инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әсер етеді. Ал жобаға қарсы болғандар АЭС-тің жағымсыз салдарларын айтты. Олардың пікірінше, АЭС құрылысы Қазақстанды ірі көршілеріне, Астана қарастырып жатқан компанияларға тәуелді етеді. Наразылар бұл мәселені талқылау үшін басқа облыс пен қала тұрғындарының да пікірі ескерілу керек деді. Олар Балқаштан Қытайдың қарқынды түрде су алуына байланысты көлдің тартылып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Жиынға қатысқан "Табиғат" экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов АЭС құрылысына қарсы шықты. Оның айтуынша, атом электр станциясының жұмысына Балқаш тікелей әсер етеді. Соның салдарынан "көлдегі барлық тіршілік өледі" деді ол.

1984 жылы Үлкенде су электр станциясы салынуы керек еді. Ғалымдар Балқаш көлінің экологиясына үлкен зардап әкеледі деп бағалаған станция жобасы Совет одағы ыдырағаннан кейін жалғасын таппады. Одан кейін 2007 жылы Қазақстан үкіметі Балқаш жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылдады. 2012 жылы "Балқаш жылу электр станциясы" компаниясы мен Samsung Engineering Company Limited компаниясы жылу электр станциясының бірінші модулінің құрылысы туралы келісімшартқа қол қойды. 2016 жылы осы жоба аясындағы жұмыс та тоқтап қалды.

АЭС құрылысын қолдаушылар ядролық қондырғылар құрылысы, сақтау қоймаларын салу туралы шешімді үкіметтің жергілікті органдардың келісімі арқылы қабылданатын нормаға сілтейді. Ал эколог-белсенділер Қазақстан ратификациялаған халықаралық актілер бойынша шешім елдегі бүкіл адамның пікірін ескере отырып қабылдануға тиіс дейді.

17 тамызда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев тағы да "Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданса, халық пікірі ескеріледі" деді. Бұл туралы министр Екібастұз қаласының жұртымен кездесуде айтқан. Бірақ Сәтқалиев АЭС салу бойынша халық арасында сауалнама жүргізіле ме, референдум өте ме, онысын нақтыламады.

"Әртүрлі пікір бар, бірақ АЭС салуды қолдайтындардың саны едәуір өсті. Өйткені олар құрылысқа қолданылатын технологиялар, станцияның қауіпсіздігі, оның елдің, аймақтың, ғылым мен білімнің дамуына беретін мүмкіндіктері туралы ақпарат алды" деді Сәтқалиев.

Қазақстанда АЭС салуға ресейлік "Росатом", қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, франциялық EDF (Électricité de France) компанияларының ұсыныстары қаралады.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі қоғамда түрлі дау туғызған. Бұған дейін Тоқаев халық пікірін ескермей "АЭС бойынша шешім қабылданбайды" деген. Бірақ маусым айында энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС мәселесі референдумға шығарылмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG