Accessibility links

Өзбекстан Қытайға газ тасымалын арттырды


Өзбекстан шілде айында Қытайға газ экспортын үдеткен. Бұл туралы Қытайдың бас кеден басқармасына сілтей отырып Gazeta.uz басылымы хабарлады.

Басылымның жазуынша, сәуірде Өзбекстан Қытайға газ экспортын қайта бастап, сол айда 40,47 миллион доллар көлемінде газ жіберген. Бұл көрсеткіш мамырда 78,16 миллион долларға, ал маусымда 85,27 миллион долларға жеткен. Ал шілдеде Өзбекстан Қытайға құны 91,39 миллион доллар болатын газ жіберген. Бұл алдыңғы айдың көрсеткішінен 7,2 пайызға көп.

Жыл басынан санағанда, Өзбекстан Қытайға құны 295,3 миллион доллар болатын газ көлемін экспорттаған. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 505,87 миллион доллар болған. Яғни биыл тасымал 41,6 пайызға аз. Бұған Өзбекстанда қаңтар-наурыз аралығында болған энергетика дағдарысы түрткі болды.

Биыл шілдеде тасымал көлемі алдыңғы айлармен салыстырғанда артқанымен, былтырғы шілденің көрсеткішінен әлі де төмен. Ол кезде Өзбекстан құны 99,55 миллион доллар болатын газ көлемін экспорттаған.

Қытайға газ экспорттау жөнінен бірінші орында әлі де Түркіменстан тұр. Ашғабат жыл басынан бері Пекинге 5,85 миллиард долларға газ сатқан. Бұл – алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық көрсеткіш.

Ал Қазақстанның Қытайға газ экспорты 5,4 пайызға азайып, ақшалай көлемі 614,32 миллион доллар болған. Тоннамен санағанда қанша газ жібергені туралы ақпарат жоқ.

Бұған дейін статистика агенттігі Өзбекстан 2022 жылы 910,9 миллион долларға газ экспорттағанын хабарлады. Оның басым бөлігі Қытайға сатылған. Ал Қытай болса, былтыр Өзбекстаннан 1,07 миллиард долларға газ сатып алғанын көрсетіп отыр. Бұл Өзбекстан мәлімдеген жалпы газ экспортынан 159,5 миллион долларға көп.

Былтыр желтоқсанда Өзбекстан билігі ел ішіндегі газ тапшылығынан Қытайға газ экспорты тоқтағанын хабарлаған.

Биыл 19 шілдеде Өзбекстан энергетика министрлігі Ресейден жылына 2 миллиард 800 миллион текше метр газ сатып алуға келісімге келгенін мәлімдеді. Министрлік бұл келісімшарт "табиғи газға өсіп келе жатқан тұтынушылардың қажетін ішінара қанағаттандыруға бағытталған шараның бірі" деп атады.

Өзбекстанның энергетика министрлігі Ресей газын елге жеткізу Қазақстан аумағы арқылы 2023 жылдың төртінші тоқсанында басталатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG