Accessibility links

БАҚ: Суровикин Ресей әуе күштерінің қолбасшысы қызметінен босатылды


Сергей Суровикин
Сергей Суровикин

Ресей әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы міндетін атқарушы болып генерал Виктор Афзалов тағайындалды. Ал Сергей Суровикин бұл қызметтен босатылған. Бұл туралы 23 тамыз таңертең дереккөзіне сілтеме жасап РИА Новости ақпарат агенттігі хабарлады.

Афзалов осыған дейін Суровикиннің қол астында, әуе-ғарыш күштері бас штабының бастығы болған еді.

Кеше, 22 тамызда журналист Алексей Венедиктов президенттің құпия жарлығына сүйеніп, Суровикиннің қызметтен алынғанын жазған. Венедиктовтің ақпаратынша, Суровикин қызметтен босатылса да, қорғаныс министрлігінде қалған.

"Жағдаймен таныс" РБК дереккөзі Суровикин басқа қызметке ауысқанын айтқан. "Ол қазір қысқа мерзімді еңбек демалысында" деді РБК дереккөзінің бірі.

Журналист Ксения Собчактың ақпаратынша, Суровикин Путиннің құпия жарлығымен 18 тамызда қызметінен қуылған.

Кейбір кремльшіл блогерлер генерал Cуровикин "Вагнер" жеке әскерінің иесі Евгений Пригожиннің шілдедегі "бүлігінен" соң бірден қызметінен шеттетілді деп жазған еді.

Биыл шілдеде "Вагнердің" "бүлігі" кезінде Суровикин жалдамалы әскерилерге видеомәлімдемемен қайырылып, бүліктен бас тартуға шақырған. Кейін Суровикиннің "Вагнер" иесі Пригожинмен байланысы бар деген ақпарат тараған. "Вагнердің" "бүлігінен" соң Суровикин жұрт көзінен таса болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG