Accessibility links

БАҚ: Қайрат Боранбаев тергеумен процессуалдық келісімге келмек. Кәсіпкер бостандыққа шығуы мүмкін


Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев.
Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев тергеумен процессуалдық келісім жасайтынын айтты. Мұндай жағдайда ол кінәсін мойындап, айыппұл төлеуге келіседі. Бұл туралы сотталушының адвокатына сілтей отырып "Власть" сайты хабарлады.

22 тамызда Астанада Қайрат Боранбаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот процесі өтті. Адвокат Данияр Қанафиннің айтуынша, Боранбаевтың "өтініші прокурормен кінәні мойындау туралы және тергеу органдарымен залалды өз еркімен өтеу жөніндегі келісімнен тұрады".

Судья Айсұлу Сламбекова сотталушы дәлелдерге, іс-әрекетке берілген квалификация мен залал көлемін дауламауға тиіс екенін түсіндірді. Қорғаушылар мен жәбірленушілер өтінішке келіскен.

Прокурор Олжас Хайруллин адвокаттарға процессуалдық келісім талаптарын талқылау үшін кездесуді ұсынды. Басылымның жазуынша, әдетте мұндай келісім жасасу сотталушыны жазадан құтылуға мүмкіндік береді.

Келісімге келу туралы бастаманы Боранбаев пен бұл іс бойынша сотталған "АзияГазШонжы" құрылтайшыларының бірі Роман Наханов және Qazaq Gaz компаниясы төрағасының орынбасары Тайыр Жанұзақ көтергені айтылады.

Ulysmedia.kz сайты дереккөзіне сілтей отырып, процессуалдық келісім аясында Боранбаев Қазақстанға құны "шамамен 1,5 миллиард доллар" болатын активтерін қайтарады деп жазды.

31 наурызда Астана қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Боранбаевқа "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқыруға атсалысты" деген айып тағылған. Бұған қоса Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, мемлекеттік наградалардан айырған.

Бұл іс бойынша өзге екі сотталушы – Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақ та сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін Боранбаевқа шыққан сот үкімі күшін жойды. 29 маусымда Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевпен бірге сотталған Тайыр Жанұзақ пен Роман Нахановтың да үкімін өзгертіп, қайта қарау туралы шешім шығарды. Сот қаулысына сәйкес, үкімнің күшін жоюға Ресей газының бағасы көрсетілген құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған. Алаяқтық схеманы дәлелдейтін айғақтар да болмағаны жазылған.

Қайрат Боранбаевқа байланысты сот отырысы 30 желтоқсанда басталған. Боранбаев "квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды" деген күдікпен былтыр наурызда ұсталған.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "РахатПалас", "Алмалы" сынды қонақ үй, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG