23 тамызға қараған түні Мәскеуге үш дрон шабуылдағаны айтылды. Ресей қорғаныс министрлігі екі дронды Мәскеу облысындағы Можайск және Химки қаласында атып түсірдік деп хабарлады.
"Әуе қорғаныс жүйесі үшінші дронды радиоэлектронды қорғаныс құралдарымен атқаны, дрон "Москва-Сити" кешеніндегі ғимаратқа түскені айтылды. Ведомствро "зардап шеккендер жоқ" дейді.
Mash телеграм-арнасы "Москва-Сити" кешенінде дрон жарылған сәт түсірілген видеоны жариялады. Дрон құрылысы аяқталмаған One Tower ғимаратына соғылған, тұрғын үйдің шамамен 100 шаршы метр қасбеті бүлінген.
Дрон шабуылы туралы хабарламадан соң Мәскеу әуежайлары тағы да ұшақтарды қабылдауды және ұшыруды тоқтатты.
Мәскеуге үшінші күн қатарынан дрон шабуылдады. "Москва-Сити" іскерлік ауданы төртінші рет шабуыл нысанасына айналды. 30 шілде мен 1 тамызда дрондар Ресей цифрлық даму министрлігі мен экономикалық даму министрлігі орналасқан ғимаратқа шабуылдаған. 18 тамызда Мәскеу қаласындағы Экспоцентр аумағына дрон бөлшектері құлаған.
Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков Валуй округінің Лавы селосындағы шипажайға дрон шабуылдап, салдарынан үш адам қаза болғанын хабарлады.
Гладковтың айтуынша, дрон шипажайдағы адамдар сыртта болғанда жарылғыш зат тастаған. Губернатордың сөзінше, дрон бұдан бірер сағат алдында шабуыл жасап, жарылғыш зат түсірген. Ол кезде зардап шеккендер болмаған.
Baza телеграм-арнасы бір күн бұрын Ресей әуе қорғанысы жүйесі Белгород облысының Головчино селосы маңында дрон атып түсіргенін жазды. Ақпаратқа қарағанда, дрон 700 метр биікте ұшқан. Дрон бөлшектерінен ешкім зардап шекпеген.
Ресей елге жасалған дрон шабуылдарына Украинаны айыптайды. Киев бұл шабуылдарға қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.
ПІКІРЛЕР