Accessibility links

Атырау соты жекеменшік "ұлттық қыздар мектебінің" жұмысын тоқтатты


Атыраудағы жекеменшік "Қазақ ұлттық қыздар мектебі".

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен қаладағы жекеменшік "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" лицензиясыз жұмыс істегені үшін жабылды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Тараптардың аппеляция шағымын түсіруге мүмкіндігі бар.

Сот шешімінде жекеменшік мектептің Атырауда 2023 жылы 1 қыркүйектен 117 баланы (барлығы жеті сынып) қабылдап, өз жұмысын тіркеусіз бастап, рұқсатсыз білім берумен айналысқаны айтылады.

Азаттық тілшісі мектеп директоры Жұмазия Жолмұхановамен ұялы телефонына хабарласқанымен, жауап бермеді.

Былтыр 4 қазанда Атыраудың әкімшілік соты "ұлттық қыздар мектебіне" лицензиясыз жұмыс істеді деп 53 603 теңге айыппұл салған.

Жолмұханова сот қаулысына қатысты мектеп алты айдан соң лицензия алатынын, оған өтініш беріп қойғанын айтқан.

Алайда Атырау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті бұл мектепке лицензия бермеген. Департамент басшысы Бердібек Таишев мектепте оқу жоспары, педагогтардың сапалық құрамы, оқу әдебиеттері мен құралдарының жеткіліксіз болғанын айтады.

Департамент мектеп лицензиясыз жұмыс істеп отырғандықтан сотқа жүгінген. Сот отырысында жауапкер өкілі, мектеп құрылтайшыларының бірі Асан Есбосын Таишевтың талабымен келіспей, лицензияға құжаттар тапсырып қойғанын айтып, мектептің білім беру қызметін тоқтатпауды сұрады. Бірақ сот Есбосынның өтінішін қанағаттандырмады.

9 қыркүйекте "Адырна" сайты "Атырауда жаңадан ашылған "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" салафизм бағытта және қыздардың бетін тұмшалауға итермелеп жатыр" деген сарында мақала жариялаған. Ал жеке меншік мектептің директоры Жұмазия Жолмұханова Азаттық тілшісіне "мектепте салафизм идеологиясының үгіт-насихаты жүреді деген ақпарат жалған және мұнда оқушылар мемлекеттік білім беру стандарттарымен оқиды" деген.

Осы мақаладан кейін Атырау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті мектепке тексеріс жүргізіп, жекеменшік білім беру орнының лицензиясыз жұмыс істеп жатқанын анықтаған.

Департамен өкілі Таишев Азаттық тілшісінің "мектепке тексеріс кезінде салафизм белгілері байқалды ма?" деген сауалына "біз бұл бойынша маман емеспіз, сондықтан ондай белгі бар не жоқ деп айта алмаймыз. Өз құзіретіміз шегінде білім саласындағы нормативтерге сәйкестігін ғана тексереміз" деп жауап берген.

13 қыркүйекте Таишев мектеп үстінен Әкімшілік кодекстің "Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік не өзге де қызметпен айналысу" бабы бойынша хаттама толтырып, сотқа жолдаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG