Ақтауда ер адам көлігімен Азаттық видеооператорының дронын басып кетті. Оқиға 22 тамызда кешкісін 6-шағынауданда болған.
Жергілікті уақытпен сағат 18-дерде (Астана уақытымен сағат 19) № 39 үйдің ауласында кроссовер видеооператор ұшыруға дайындап жатқан ұшқыш аппаратты басып кетті.
Дронды көлік мыжыған сәт бақылау камераларына түсіп қалған. Таспаға қарасақ, көлік жолдың жүргіншілер жағына шығып, баяу жүре бастайды, кенеттен бағытын өзгертіп, алдыңғы дөңгелегімен дронды басып кетеді.
Азаттық тілшісі мен видеооператоры зардап шеккен жоқ, тек дрон істен шықты.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен видеооператор Ержан Әмірханов Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы (МАЭК) апат және оның салдары бойынша репортаж әзірлеу мақсатында редакция тапсырмасымен өткен апта соңында Астанадан Ақтауға барған. Азаттық тілшілері мекеме маңын видеоға түсіріп, одан соң қаланың ішін түсіруге әзірленіп жатқан. Журналистер тұрғындардан электр энергиясы шақтап беріліп жатқан қаладағы тіршілік жайлы сұрап, репортаж түсірмек болған.
Дронды басып кеткен көлік жүргізушісі жолға емес, жиекте тұрған операторға қарағанын, оған тиіп кетпеуге тырысқанын айтады. Жүргізуші оқиға орнында он минуттай ғана болып, полиция келгенше келген ізімен қайта кетіп қалды. Біраздан соң ол оқиға орнына бірнеше адаммен бірге жаяу келді. Келгендердің бірі өзін "заңгер" деп таныстырды. Жүргізуші аулаға неге кіргенін айтудан бас тартты және келтірілген шығынды өтемейтінін, сотқа арыз түскен жағдайда қарсы шағым беретінін айтты. Оқиға болған жол үйге барып тіреледі, екі жағында өткел жоқ.
"Полицияның жедел тобы қолымызға ешқандай хаттама берген жоқ, учаскелік полицейді қоса шақырды. Бізбен сол сөйлеседі деді" дейді Азаттық тілшісі Сәния Тойкен. Олар Ержан Әмірханов екеуі журналист жұмысына кедергі жасады және бөтеннің мүлкін қиратты деп полицияға арызданды. Тілшілер шағымды сәрсенбі таңда ғана өткізе алды, өйткені сол күні полиция басқармасы арызды қабылдаудан бас тартқан.
Учаскелік инспектор жүргізушіден сұрақ-жауап алғанын айтты. Ол кеше кешке Ақтаудың 6-шағынауданында жеке жұмыстармен болдым деген.
Азаттық Маңғыстау облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаеваға қайырылып, оқиға бойынша арыз қай деңгейде тергеліп жатқанын сұрады. Материал шыққанға дейін жауап болған жоқ.
Сейсенбі күні күндіз Азаттықтың түсіру тобы осы дронның көмегімен Ақтаудағы МАЭК мекемесі маңында кадрлар түсірген. Түсірілім кезінде тілші мен операторды полиция патрулі тоқтатып, журналистердің Астанадан келу себебін сұраған. Бұдан соң сұрақ қойған полицейлер кетіп қалған.
ПІКІРЛЕР