24 тамыз күні Шымкент гарнизоны соты Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара заставасында қайтыс болған сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты күдікке ілініп, айыпталған 40 жастағы аға сержант Айбек Нұртайды "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен ақтап шықты, бірақ "Қызметін асыра пайдалану" және "Ақшаны қорқытып алу" бабымен кінәлі деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Нұртай тағылған үкіммен де, тағылған айыппен де келіспеді.
Судья Берік Кәрім "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша тағылған айып дәлелденбеді деді.
Айбек Нұртай қамауға 2022 жылғы тамызда алынған. Осы күнге дейін қамауда отырған бір күні бір жарым күн болып саналады.
Үкімді тыңдауға марқұмның туыстары келмеді. Олардың үкіммен келісетіні, не келіспейтіні белгісіз.
"Үкіммен келіспеймін. Арақ ішпеңдер деп ұрысқаным рас. Бірақ балағаттамадым, ұрмадым. Апеляциялық шағым беремін" деді Айбек Нұртай Азаттыққа.
Сотталушының адвокаты Сержан Пірәлиевтің сөзінше, марқұм Бекбол Мираштың ауыз қуысы, жейдесі мен іш киімінен бірнеше адамның шәуіті табылған, оны сараптама растаған. "Шыққан шәуіт бойынша екі адамның аты-жөні белгілі. Қалған адамдарды да табу керек. Сарбазды өлімге итермелеген адамдарды табу керек" дейді адвокат.
Бұған дейін Қазақстанның бас әскери прокуратурасы Бекбол Мираштың сексуалдық зорлық көргені туралы мәлімет расталмады деген. 21 ақпарда Бас әскери прокуратура таратқан хабарламада "суицидке итермелеуі мүмкін деген адам Бекбол Мирашқа және өзге де жауынгерлерге ұдайы психологиялық қысым көрсетіп, соққыға жыққан" делінген. Адвокат Пірәлиев бұл екі мәлімдеменің екеуімен де келіспеген. Оның айтуынша, Бекбол Мираштың денесінен ұрып-соғу белгілері табылмаған.
Қазақстанда бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар; мертігіп, ауру болғандар жиілеп хабарланады. Сарапшылар мұны қысым мен әлімжеттіктен көріп, әскер мен оның басшыларының кінәсі деп санайды. Бірақ ресми органдар әдетте сарбаздардың өлімінен әлеуметтік себеп іздейді.
ПІКІРЛЕР