24 тамызда ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Қазақстан" шахтасында ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына жасалған шабуылдан хабардар екенін айтып, "журналистің қызметіне кедергі келтіру әрекетін құптамайтынын" мәлімдеді.
"Елімізде сөз еркіндігіне шектеу қойылмайды және министрлік мұндай оқиғаларды назарда ұстайды" делінген министрліктің телеграм-арнасындағы хабарламада.
23 тамызда "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Сапарқызына жасалған шабуылды тергеуге шақырды. Министрлік тергеу туралы ештеңе айтпады.
18 тамызда "Қазақстан" шахтасында апаттан хабар таратуға ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. 19 тамызда Қарағанды облыстық полиция департаменті тілшіге жасалған шабуыл туралы арызды тіркеді.
Қазақстанның "БАҚ туралы" заңның 20-бабына сай, журналист ақпарат іздеуге әрі алуға, қоғамдық жиындарда журналист куәлігін көрсетіп, аудиовизуал техникалармен жазба жүргізуге құқылы. Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ.
Журналист жұмысына кедергі келтіргендерге Қылмыстық кодекстің 158-бабы 2-тармағында екі жыл бас бостандығынан айыру, белгілі бір қызметті атқарудан 3 жылға шектеу жазасы қарастырылған.
Қазақстан бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде 134-орында тұр. Бұл рейтингті халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы дайындайды. Ұйым өкілдері Қазақстанда "ақпаратқа қолжеткізу құқығы шектелген", "үкімет ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстағысы келеді", "журналистер цензурадан зардап шегіп отыр" деп есептейді.
13 шілдеде Алматыдағы шіркеу алдында орыс князі Александр Невский ескерткішін ашу салтанатынан соң бірнеше ер адам Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжанға кедергі келтіріп, қала әкімі Ерболат Досаевқа сұрақ қойдырмаған. Азаттық тілшісі ер адамдарға журналист екенін айтса да, олар мән бермей Мейірім Бақытжанды сүйреп әріқарай алып кетті. Ер адамдар тілшіні әкім көлікке отырып кетіп қалған соң босатты. Сол кезде ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.
Қазақстанда тәуелсіз БАҚ журналистері кәсіби жұмысына кедергі келтіру фактілерін жиі айтады. Бірақ арыз-шағымдар негізінен нәтижесіз қалып отыр.
ПІКІРЛЕР