Accessibility links

Путин Пригожиннің қаза тапқанын жанама түрде растап, оны "тағдыры күрделі талантты адам" деп атады


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин "Вагнер" жеке әскери тобының басшысы Евгений Пригожин Тверь облысындағы ұшақ апатынан қаза болғанын меңзеді. Ол Пригожиннің өлімі туралы тікелей айтпады, алайда кәсіпкер туралы өткен шақта сөйледі.

"Мен Пригожинді бұрыннан, тоқсаныншы жылдардың басынан бері білетінмін. Тағдыры күрделі еді, айтарлықтай қателері болды және қалаулы нәтижеге қол жеткізетін. Өзі үшін де, кейінгі айларда мен сұраған ортақ істе де. Талантты адам, талантты кәсіпкер болды" деді Ресей президенті.

Путин ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты және бұл іске қатысты Ресейдің тергеу комитеті алдын-ала тергеу бастағанын хабарлады. Оның айтуынша, алғашқы деректер Тверь облысында құлаған ұшақта "Вагнер" қызметкерлері болғанын көрсетеді.

23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады.Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Росавиация агенттігінің мәліметінше, жолаушылар тізімінде "Вагнер" басшысы Евгений Пригожин мен оның "оң қолы", "Вагнер" командирі Дмитрий Уткин болған. Қазірге дейін Пригожиннің қаза болғанына қатысты ресми ақпарат жоқ.

24 тамызда Киевте журналистер сұрағына жауап берген Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Тверь облысында құлаған "Вагнер" жеке әскерінің басшысы Евгений Пригожиннің ұшағына Украинаның "қатысы жоқ" деп мәлімдеді.

Ұшақ апатынан екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG