Бортында "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин болған деп айтылатын апат болған ұшақтан борт тіркегіші алынды, деп хабарлады Ресей тергеу комитеті.
Ведомствоның хабарлауынша, бизнес-джет құлаған орыннан 10 мәйіт табылған. Олардың аты-жөнін анықтау үшін молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізіліп жатыр.
Тергеу комитетінің айтуынша, қазір сарапшылар ұшақ апатына қатысы болуы мүмкін өзге де құжат-айғақтарды зерделеп жатыр.
Тергеу орындары әзірге ұшақтың құлауына не себеп болғанын айтпады. "Қауіпсіздік және әуе кемесін пайдалану еережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
- 23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Ресей федерациясының азаматтық авиациядағы мемлекеттік мүлікті басқаратын атқарушы органы – Росавиация агенттігінің мәліметінше, ұшақтың жолаушылар тізімінде "Вагнер" жеке әскерінің басшысы Евгений Пригожин мен оның "оң қолы", "Вагнер" командирі Дмитрий Уткин болған. Мәйіттердің аты-жөні әлі анықталмаған. Ресей билігі әзірге "Пригожин әуе апатынан қаза тапты" деген ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Кейбір сарапшылар ұшақ апатын Путиннің "кек қайтаруы" деген еді.
- Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.
- Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.