Дания билігі Құран, Библия, Тора және өзге де киелі кітаптарды көптің көзінше өртеуге немесе өзге де жолдармен қорлауға қылмыстық жауапкершілік енгізеді. 25 тамызда әділет министрі Петер Хуммельгорд осылай деп мәлімдеді. Мұндай шешім мұсылман елдерінде наразылық туғызған Даниядағы Құран өртеу акцияларынан кейін қабылданды.
Министрдің сөзінше, мұндай әрекет үшін 2 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы қарастырылады. Ол киелі кітаптарды қорлау акциясын "ел іші және шетелдегі даттықтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мазақтау әрекеті" деп атады. Дания сыртқы істер министрі Ларс Расмуссен әділет министрлігінің жоспарын қолдады.
Қазір Данияда дінге тіл тигізгендер мен қарсы әрекет еткендерге жаза қарастырылмаған. Қылмыстық кодексте бар құдайға тіл тигізу бабы 2017 жылы алынып тасталған. Сол себепті полиция қандай да бір киелі затты қорлау жоспарланған шараларға тыйым сала алмайды.
Хуммельгорд мәселе ой еркіндігі мен сөз бостандығы жөнінде болып отырған жоқ дейді. Оның сөзінше, жаңа заң азаматтарды өздерінің пікірлерін өркениетті жолдармен білдіруге баулиды.
- Кейінгі айларда Дания мен көрші Швецияда мұсылман елдерінің консулдықтары алдында мұсылмандарға киелі саналатын Құранды өртеу акциялары өткен. Оны әсіреоңшыл ұлтшыл қозғалыс өкілдері ұйымдастырған.
- Бұл акциялар мұсылман елдерінде наразылық туғызды. Мысалы, Түркия президенті Режеп Ердоған Швеция мұндай әрекеттерін доғармаса, Түркия да Швецияның НАТО-ға мүшелігін қолдамай болуы мүмкін деп мәлімдеген.