Шыңжаң полициясы Құранды нақышына келтіріп оқығаны үшін 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлады қазақстандық "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханға сүйенген Radio Free Asia (RFA) сайты.
Ақпаратқа қарағанда, күштік құрылымдар Шыңжаң қазағы Құсман Рехимді 14 шілдеде ұстаған, бірақ оның ұсталғаны жөнінде хабар тек 24 тамызда белгілі болған. Қытай билігі ер адамды діни мереке кезінде таныстарының үйінде киелі кітапты оқыды деп айыптаған.
Бекзат Мақсұтхан RFA ақпарат құралына тінту кезінде оның үйінен Құран данасы табылғанын айтқан.
Бұған дейін Шыңжаңда діни әрекеті үшін сотталған 61 жастағы Бақытхан Мырзан биыл көктемде түрмеде көз жұмған.
БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, 1 миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін үйреткен. Лагерьден шығып, Шыңжаңнан қашқан қазақтар мен ұйғырлар "дін ұстанып, Құран оқығаны үшін, шетелдегі туыстарымен байланысқаны үшін қамалғанын" айтқан.
Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
ПІКІРЛЕР