Accessibility links

"АрселорМиттал" тағы бір шахтада өрт болғанын хабарлады


Шахтинскідегі өрт болған шахта.
Шахтинскідегі өрт болған шахта.

"АрселорМиттал Теміртау" тағы бір шахтасында өрт болғанын хабарлады. Компанияның айтуынша, бұл жолы өрт 27 тамызда түнгі сағат 1:55-те "Сарань" шахтасында болған.

"Өртті кәсіби әскери құтқару қызметі бөлімінің күштері сөндірді. Барлық жұмысшы жер бетіне шықты. Зардап шеккендер жоқ, себебі мен жай-жапсары анықталып жатыр" деп жазылған компания хабарламасында.

17 тамызда Қарағанды облысы Шахтинскідегі "АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі "Қазақстан" шахтасында өрт шығып, 5 адам қаза болған еді. Өрттің неден шыққаны әзірге айтылмады. Кей ақпаратқа қарағанда, конвейер лентасы өртеніп, қатты түтін және жоғары температураның салдарынан 5 адам шахтадан шыға алмай қалған.

Апаттан кейін Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртауды" өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамады деп айыптады.

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарында осыған ұқсас апаттар жиі болып тұрады. 2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында айналаға метан тарап, жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқтатылған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG